Қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы атанған атыраулық полицей
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының полициясында жұмыс істейтін қыз-келіншектер аз емес. Соның бірі – қоян-қолтық ұрыстан әйелдер арасындағы әлем чемпионы, полиция аға лейтенанты Диана Жұмағазиева. Қазір Атырау қаласында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді.

Өзінің айтуынша, бала кезінен полицияда жұмыс істеуді мақсат еткен. Сол мақсатпен М.Бөкенбаев атындағы заң институтын бітірген. Құқық қорғау органындағы қызметін учаскелік полиция инспекторының көмекшісінен бастаған.
«Маған бұл мамандық несімен ұнайды? Өйткені, мен біреуге көмектескенді, кішкентай балаларды, біреуден зәбір көрген жандарды қорғауды ұнататын едім. Бала кезімнен әділетті болуға, әр істі жауапкершілікпен атқаруға үйренгенмін. Бұл әсіресе, полиция қызметкерлеріне тән болуы керек. Қазіргі қызметім жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алумен, ашумен байланысты болғандықтан, осы қағидаларды ұстанамын», - дейді Диана Жұмағазиева.
Оның пікірінше, жасөспірімдердің бәрі бірдей емес. Отбасындағы тәрбиеге, араласатын ортасына байланысты олардың мінезінде өзгерістер болуы мүмкін.
«Жаман адам болмайды ғой. Әсіресе, жасөспірімдердің арасында түрлі теріс әрекет жасауға бейім тұратыны кездеседі. Олардың мұндай әрекетке бару себебін зерттеу керек. Бәлкім, кейбірі балалық әуестікпен, ал, өзгесі ата-анасына, достарына ренжігеннен осындай теріс қадам жасауы мүмкін. Сол себептен, жасөспірімдермен ашық сөйлесемін. Ештеңені жасырмауды сұраймын. Рас, кейде біреуімен жылы, өзгесімен аздап қатқыл сөйлесуге тура келеді. Өйткені, біздің мақсатымыз – құқық бұзған жасөспірімді жазалау емес, оларды теріс жолға түсуден сақтандыру, қылмыскер атанудан қорғау. Ең бастысы, жасөспірімдерді қоғамға пайдалы болуға тәрбиелеу», - дейді полиция аға лейтенанты.
Диана Жұмағазиева жұмыспен ғана шектелмей, спорттың кикбоксинг және қоян-қолтық ұрыс түрімен шұғылданады. Ол – жастар арасындағы Қазақстанның чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан әйелдер арасындағы әлем чемпионы.
«Бала кезімде анам мені сурет салу, би секілді түрлі үйірмеге апарды. Бірақ, көңілім мұндай үйірмелерді қаламады. Жеті жасымда таеквондомен айналысуға бел будым. Үш жылдан кейін кикбоксингке ауыстым. Ал, жоғары оқу орнында оқығанда қоян-қолтық ұрысты меңгеруді көздедім. Физикалық тұрғыдан мықты болу үшін спорттың жекпе-жек түрлерін таңдадым», - дейді Диана Жұмағазиева.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын бүгін атыраулық қыз-келіншектер қоғамдық көлікпен тегін қатынап жүргенін жазған едік.