ҚПЛ: «Ақтөбе» сырт алаңда «Жеңіске» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының VI туры мәресіне жетті.
Бұл турда «Ақтөбе» командасы сырт алаңда елордалық «Жеңіс» командасына 0:1 есебімен есе жіберді. Астаналық клуб сапынан Сағадат Тұрсынбай соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті.
Тағы бір ойында «Атырау» Петропавлдың «Қызылжарына» 0:1 есебімен жеңілсе, «Қайсар» (Қызылорда) — «Алтай» (Өскемен) 1:1 есебіне қанағат білдірді.
19 сәуірдегі тағы бір ойында «Тобыл» сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытауынан» 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Бұл турда 18 сәуірде «Елімай» (Семей) — «Астана» 2:2 есебіне қанағат білдірсе, павлодарлық «Ертіс» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуына» 1:2 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ өз алаңында алматылық «Қайрат» Ақтаудың «Каспийінен» 2:0, шымкенттік «Ордабасы» Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 2:1 есебімен басым түсті.