ҚПЛ: «Астана» мен «Қайсар» бір-бірінің қақпасына гол соға алмады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІV турын «Астана» - «Қайсар» (Қызылорда) командалары түйіндеді.
Елордалық «Астана» қола жүлдеге қол жеткізуге жақын тұр. Қызылордалық клубтың Бірінші лигаға түсіп қалу қаупі жоғары. Ойын барысы қалай өрбитіні белгісіз болды.
Бұл ойын алдында қызылордалық команда бас бапкер қызметіне қазақстандық тәжірибелі маман Талғат Байсуфиновті тағайындаған еді. Білікті маман команданың сенімді ойнауына септігін тигізді.
Кездесу барысында елордалық клуб тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Нәтижесінде олар шабуылға көбірек көңіл бөліп, гол соғатын мүмкіндік іздеді. Соған қарамастан таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Осылайша командалар 0:0 есебімен тең түсті.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Алтай» (Өскемен) - «Елімай» (Семей), «Ақтөбе» - «Қайрат» (Алматы) 2:2 есебіне қанағат білдірсе, павлодарлық «Ертіс» «Атырауды» 3:2 есебімен жеңді.
Еске салсақ, алғашқы ойын күні, 24 қазанда петропавлдық «Қызылжар» Жезқазғанның «Ұлытауын» 1:0, Көкшетаудың «Оқжетпесі» Ақтаудың «Каспийін» 3:0 есебімен қапы қалдырса, «Жетісу» (Талдықорған) - «Тобыл» (Қостанай), «Ордабасы» (Шымкент) - «Жеңіс» (Астана) 1:1 есебіне қанағат білдірді.