ҚПЛ: «Астана» сәттілік сериясын жалғастырды
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІV туры екінші ойын күні мәресіне жетті.
Бұл күнгі тағы екі кездесуде Павлодардың «Ертісі» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаса, «Атырау» - «Астана» жасыл алаңға шықты.
Алдымен «Ертіс» - «Ақтөбе» командалары шеберлік байқасты. Кездесу барысында ақтөбелік клубтан Артур Шушеначев есеп ашса, оған павлодарлық клубтан Калил Лео 50, Рамазан Кәрімов 54-минутта екі голмен жауап қайырды.
Осылайша «Ертіс» қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 20 ұпаймен 13-орынға көтерілді.
Тағы бір ойында «Астана» сырт алаңда «Атырау» командасынан 3:2 есебімен басым түсіп, сәттілік сериясын жалғастырды.
Кездесу барысында елордалық клубтан Бауыржан Исламхан 13, Станислав Басманов 42, Марин Томасов 66- минутта мергендіа танытса, атыраулық клубтан Дорде Пантелич 47, Энрике Денес 95-минутта екі гол соқты.
Бұл турды 31 тамызда «Елімай» (Семей) - «Қайрат» (Алматы) командалары түйіндейді.
Айта кетсек, 30 тамыздағы тағы бір ойында ақтаулық «Каспий» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» 1:0 есебімен жеңді.
Айта кетсек, 29 тамызда аталған турдың төрт ойыны өтті. «Ұлытау» (Жезқазған) өз алаңында «Жетісу» (Талдықорған) командасын 3:0 есебімен жеңсе, елордалық «Жеңіс» (Астана) командасы «Алтайдан» (Өскемен) минималды есеппен (1:0) басым түсті. Ал қызылордалық «Қайсар» командасы «Оқжетпеске» (Көкшетау) 2:3 есебімен есе жіберді. Чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі шымкенттік «Ордабасы» Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда, жергілікті жанкүйерлерінің алдында «Қызылжар» қақпасына жауапсыз 3 гол соқты.