ҚПЛ: «Астана» сырт алаңда «Ұлытауды» жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық «Астана» футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты 9-турында сырт алаңда жезқазғандық «Ұлытау» командасын жеңді.

Астаналық футболшылар соңғы екі турда сәтсіз ойын көрсетті. Біреуінде тең түссе, біреуінде қарсыласына есе жіберді. Ал жезқазғандық команда қазірге дейін небәрі екі кездесуде тең нәтижеге қанағат білдірсе, қалғанында қарсыласының ығына жығылды.
Бірінші кезеңде командалар тең нәтижеге қанағат білдірді. Екінші кезеңде «Астана» сапынан Назми Грипши 72-минутта есеп ашса, 94-минутта Станислав Басманов қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.
Дәл қазір аталған турдағы «Жеңіс» (Астана) пен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тұран» (Түркістан) кездесулері өтіп жатыр. Әзірге есеп — 0:0.
Сондай-ақ одан кейін «Елімай» (Семей) мен «Қайрат» (Алматы) командалары шеберлік байқасады.
Ал «Тобыл» (Қостанай) мен «Ордабасы» (Шымкент) кездесуі кейінге шегерілді.
Ал 17 мамырда көкшетаулық «Оқжетпес» өз алаңында «Ақтөбеге» 1:3 есебімен есе жіберсе, «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) 1:1 есебіне қанағат білдірді.