ҚПЛ: «Қайрат» пен «Жетісу» тең ойнады
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының төртінші турының алғашқы ойын күні өтті.

Бұл күнгі ойындарды «Қайрат» (Қызылорда) пен «Жетісу» (Талдықорған) командалары түйіндеді.
Кездесу барысында қарсыластар тегеурінді ойын көрсетті. Бірінші кезеңнің өзінде есепті өзгертетін бірнеше сәт болған еді. Дегенмен футболшылар бұл мүмкіндікті мүлт жіберіп алып жатты. Нәтижесінде ойынның бірінші кезеңінде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде де қос команда тарапынан қауіпті шабуылдар ұйымдастырылды. Олардың ешқайсысы да қақпаға дарыған жоқ.
Осылайша командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Қазірге дейін екі мәрте жеңіске жетіп, екеуінде тең ойнаған «Қайрат» турнир кестесінде көш басына шықты.
Ал «Жетісу» соңғы екі кездесуде төрт ұпай олжалап, жағдайын жақсарта түсті.
Айта кетсек, бүгін өз алаңында «Қызылжар» «Жеңістен» 4:0, «Елімай» «Қайсардан» 1:0 есебімен басым түсті.
Ертең, 7 сәуірде «Ақтөбе» мен «Атырау», «Шахтёр» мен «Астана», «Тұран» мен «Ордабасы» ойнайды.