ҚПЛ: «Ордабасы» тоғыз футболшымен ойнап, «Қызылжармен» тең түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 15-турындағы тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Аталған турдағы екінші ойын күні, 5 шілдеде шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжар» командасымен кездесті. Матч барысында шымкенттік клуб дөрекілігімен көзге түсті. Олардың қатарынан Шериф Жимо 19, Дарио Чанаджия 42-минутта қызыл қағаз алып, ойынды ертерек аяқтауға мәжбүр болды.
Аталған кездесуде командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Тағы бір кездесуде «Жеңіс» (Астана) пен «Ұлытау» (Жезқазған) командалары шеберлік байқасты.
Жезқазғандық клубқа аталған ойын алдында қазақстандық маман Нұркен Мазбаев бас бапкер қызмет болып тағайындалған еді. Десе де команда жанкүйер көңілінен шығатындай деңгейде ойын көрсете алған жоқ.
Бұл кездесуде жезқазғандық клуб сапынан Сергей Кейлер 45-минутта қызыл қағаз алды.
Ойынның 77-минутында «Ұлытау» Демият Сламбеков өз қақпасына гол соғып алса, 94-минутта Руй Баталья қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Жеңіс» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде сегізінші орынға көтерілді.
Енді аталған турда «Ақтөбе» мен «Атырау», «Елімай» (Семей) мен «Тобыл» (Қостанай) ойнайды.
Сондай-ақ 6 шілдеде «Жетісу» (Талдықорған) мен «Астана», «Оқжетпес» (Көкшетау) мен «Қайсар» (Қызылорда) жасыл алаңға шығады.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайрат» «Тұранды» ірі есеппен жеңіп, бірінші орынға көтерілді.