ҚПЛ: «Тобыл» сырт алаңда «Жетісудан» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Қостанайлық «Тобыл» командасы футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХV турында сырт алаңда талдықорғандық «Жетісуды» жеңді. 

ҚПЛ: «Тобыл» сырт алаңда «Жетісудан» басым түсті
Фото: «Тобыл» футбол клубы

Нұрбол Жұмасқалиев жаттықтыратын команда чемпиондықтан шет қалғанымен, олардың екінші орын алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан қостанайлық аяқдопшылар бүгінгі кездесуде жеңіске жетуге барын салды.

4-минутта алаң иелері сапынан Сослан Такулов есеп ашып, ойынның басы жақсы басталған. Алайда қонақтар да қарап қалмады. Кездесудің екінші кезеңінде Марко Вукчевич пен Николай Сигневич бір-бір голдан соғып, «Тобыл» футболшылары кэмбэк жасады. Осылайша  қарсыласынан 2:1 есебімен басым түскен қостанайлықтар екінші орын алу мүмкіндігін сақтап қалды.

Дәл қазір «Астана» мен «Ақтөбе» кездесуі өтіп жатыр. Ал 18:00-де «Ордабасы» (Шымкент) пен «Оқжетпес» (Көкшетау) ойнайды.

Аталған турда алматылық «Қайрат» сырт алаңда петропавлдық «Қызылжарды» 1:0 есебімен жеңді. 

Айта кетсек, бүгін «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Қайсар» (Қызылорда), «Атырау» мен «Жеңіс» (Астана) 1:1 есебімен тең түссе, түркістандық «Тұран» өз алаңында семейлік «Елімайға» 3:6 есебімен есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар