ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов жұмыс сапарымен Мәскеуде болды

Жұмыс сапары барысында БҒМ басшысы Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Дмитрий Ливановпен, Ресей Федарациясы Президентінің көмекшісі Андрей Фурсенкомен кездесті.
Кездесулер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы білім және ғылым саласындағы қарым-қатынастары бойынша бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, отандастарымыздың Ресейдің жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде мәселе көтерілді.
Сондай-ақ, екі ел министрлігі арасында Қазақстан Республикасында орналасқан ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары мен өкілдіктерінің білім беру қызметінің сапасын көтеру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ғылыми саладағы ынтымақтастық мәселесі де талқыланды. Б. Жұмағұлов өзінің ресейлік әріптесіне Қазақстан Президенті бастамасымен әзірленген ғылымды басқарудың жаңа үлгісінің сәтті енгізілуі туралы баяндады. Қазіргі таңда қазақстандық ғылым негізгі, бағдарламалық-мақсатты, гранттық негізде қаржыландырылады.
Сондай-ақ, министр М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничиймен кездесті. Кездесу барысында білім, ғылым және инновацияның интеграциясы, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың сапасын арттыру, оқушылар мен ғалымдарды ауыстыру бойынша бірлескен жоспарлар талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Ресей мен Қазақстан ректорларының форумын өткізу туралы шешім қабылданды. Қазақстандық ведомоства басшысы алдағы форумды Еуразиялық зерттеу кеңістігін қалыптастыру мәселелеріне арнауды ұсынды.