ҚР Білім және ғылым министрі жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов жұмыс сапарымен кеше Оңтүстік Қазақстан облысына келді, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
None
None

Ол алдымен Шымкент қаласындағы инновациялық-технологиялық колледжінде болып дуальды оқыту жүйесімен танысты. Колледж директоры К.Сейтжанов келген қонақтарға оқу орнының аудиторияларын, «Электротехника және электроника», «Химия және бұрғылау қоспалары» зертханаларын, «Сызу және техникалық механика», «Геодезия және геология», «Мұнай ісі», «Алғашқы әскери дайындық» пәндеріне арналған кабинеттерін таныстырды. Бүгінгі таңда колледжде 557 оқушы 7 техникалық мамандықтар бойынша білім алады. Оқу орны "Саутс-Ойл", "Смарт-Ойл", "Стандарт-Цемент", "Оңтүстік-Құрылыс-Сервис", "КАС-Бетон", "Инженерные системы-А" ЖШС-мен әлеуметтік әріптестік орнатып, өз оқушыларын өндірістік тәжірибеден өткізіп, тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Биылғы жылы колледжді темір бетон және темір бұйымдарын өндіру мамандығы бойынша 22 түлек бітіріп шықты.

Облыста жасаған жұмыс сапары барысында А.Сәрінжіпов Сайрам елді мекеніндегі 945 балаға арналған жекеменшік «Гүл Астана» балабақшасының жұмысымен танысты. Мұнда 120 адам жұмыс істейді, тәрбиеленушілер үшін 30 топ қаралған. Әр топта ойын залы, жатын және ас бөлмелері жабдықталған. Одан бөлек музыка сабағын өтуге арналған бөлме мен спорт залы қарастырылған.

Осы елді мекенде Білім және ғылым министрі «Бәйтерек» жекеменшік балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Бұл мектепке дейінгі мекеме 500 балаға арналған, 16 топқа негізделген. Мұнда 87 адам еңбек етеді. Балабақша қазіргі заман талабына сай барлық бөлмелермен жабдықталған. Атап айтатын болсақ, балаларға арналған ойын бөлмесі, асхана, балалардың ән шырқап, би билеуіне арналған музыка залы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы, әр топқа арналған ойын алаңшалары, жазғы және қысқы бассейндер. Балалардың денсаулығын қадағалайтын медбике бөлмесі, балалардың психологиялық ерекшеліктерін қадағалайтын психолог, логопед және ұстаздар бөлмелері бар. Балалардың бөлмелері әрі таза, әрі ыңғайлы және кең. Ұйымдастырылған оқу-іс әрекеттері үш тілде: қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Осы екі мектепке дейінгі мекемелердің құрылтайшысы кәсіпкер - Низамхан Сулайманов. Ол осыған дейін 450 орындық «Жамалай ана», 500 орындық «Жан балажан», 450 орындық «Гүлістан» балабақшаларының ашылуына ұйытқы болған.

Білім және ғылым министрі аялдаған келесі нысан үш ауысымда білім беретін Б.Садықов атындағы №112 негізгі мектеп болды. 1947 жылы негізі қаланған бұл мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасып, 120 оқушыға лайықталған. Бүгінгі таңда мұнда 352 бала білім алуда. Облыс әкімдігі тарапынан аталған білім ошағына жаңа ғимарат салып беру мәселесін бірінші кезекте шешілуі тиіс мектептердің санатына енгізген.

Түс қайта Білім және ғылым министрі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болып, осында орналасқан Ұлттық бірыңғай тест өткізу пунктінің жұмысымен танысты, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде білім алған түлектермен «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы басым міндеттерді жүзеге асыруда Қазақстан Республикасында білім саласын жетілдіру мәселелері» тақырыбында кездесу өткізді. Күн тәртібіндегі мәселе боынша сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов Елбасының бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы Тәуелсіздік жылдарының ішінде жемісті жүзеге асқандығын айта отырып, әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатарынан орын алуға талпынып отырған елімізде білім саласын жетілдіру бағытында қолға алынған шаралар жөнінде хабарлады.

Жұмыс сапарының соңында А.Сәрінжіпов облыстық білім басқармасына қарасты педагог кадрлардың білімін жетілдіру институтында болып, өңдеу өнеркәсіп орындары үшін кадрлар дайындау және қайта даярлау орталығының жұмысымен танысты. Жұмыс сапарының қорытындысында Білім және ғылым министрі Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуеті жоғары екендігін айта отырып, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Соңғы жаңалықтар