ҚР ІІМ: Алматыда селдің қайталануына қатысты еш қауіп жоқ
ІІМ өкілінің айтуына қарағанда, бүгін түнде Алматыда сел орын алған аумақ негізінен қауіпті учаскелер қатарына жатпайды.
«Біздің бақылауымыз бойынша соңғы жиырма-жиырма бес жыл ішінде осы тау шатқалында мұндай оқиға орын алмаған болатын. Мореналық көлдің босаңсуы 80-90 пайызды құрап отыр, селден қорғау бөгеті он пайызға дейін ғана толған. Сондықтан да селге қатысты ешқандай да қауіп жоқ. Қорқатын да дәнеңе жоқ», - деді Серік Әубәкіров.
Еске сала кетейік, алдын ала мәліметтерге қарағанда, Алматы қаласында орын алған сел тасқыны күннің күрт ысуы салдарынан мұздақтар еріп, тау ішіндегі мореналық көл суының арнасынан асуынан орын алған. Төтенше оқиға бүгін 23 шілде күні түнгі сағат 03:00 шамасында орын алып, көлдегі бөгеттің бұзылуынан 40 мың текше метр су асқан. Тасқын су Қарғалы өзеніне құйып, одан асқан су Алматы қаласының үш ауданын ішінара басып өтті. Соның ішінде Наурызбай ауданы сел тасқынынан көбірек жапа шегіп отыр. «Қазіргі таңда төтенше жағдайдың салдарын жоюға ІІМ жеке құрамы мен жергілікті атқарушы органның 1196 адамы, 160 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды», - деді бүгін брифинг барысында Серік Әубәкіров.
Сонымен бірге Қарғалы өзені бөгеті маңынан 898 жергілікті тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілген. Ал оқиға орнында жағдаймен танысу үшін вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен ІІМ орынбасары Владимир Божко Алматыға ұшып кеткен болатын. Оқиға орнында жедел штаб қызмет етуде.