ҚР ІІМ Алматыдағы селге қатысты СМС-хабарлама таратудан бас тартқан байланыс операторларының мәселесін қарамақ
«Біз селден қорғау бөгеттерінің бұзылуы мен су басу қаупі жоқ екендігі туралы мәтінді таратайық деп едік, бұдан бас тартылды. Біздің хабарламаларымыз кешігіп таратылды, олардың алғашқысы таңғы 4.39-да, екіншісі таңғы сағат 5.13-да түсіп жатты. Бұл жерде негізінен ақпараттандырудың әлсіздігінен немесе осы уақыт аралығында кезекшілікте болған операторлардың ұқыпсыздығынан болып отыр. СМС-хабарламалар біршама кешіктіріліп, сол ұйымдардың басшылары орнында болған кезде ғана жіберілді», - дейді ІІМ өкілі.
Серік Әубәкіровтің айтуынша, СМС-хабарламалар «Билайн», «Kcell», «Tele-2» және «Алтел» секілді барлық операторларға жіберілген.
«Жалпы, мұндай жағдайда біз қолда бар барлық мүмкіндікті іске қосып, барлық тәсілді пайдаланамыз. Сол үшін осындай жағдайды тексеріп қарау керек, мұнда қандай да бір ақпараттанбаушылық не болмаса түнгі операторлардың жауапсыздығы, ұқыпсыздығы орын алып отыр. Менің ойымша, бұл жерде операторлар хабарламаларды жіберу үшін қаржылық мәселелерді алға тартып отырған жоқ. Дегенмен, бұл мәселені қарайтын боламыз», - деді С.Әубәкіров.
Оның сөзіне қарағанда, егер кінәлары анықталса, ұялы байланыс операторлары жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, алдын ала мәліметтерге қарағанда, Алматы қаласында орын алған сел тасқыны күннің күрт ысуы салдарынан мұздақтар еріп, тау ішіндегі мореналық көлдің арнасынан судың асуынан орын алған. Төтенше оқиға бүгін 23 шілде күні түнгі сағат 03:00 шамасында орын алып, көлдегі бөгеттің бұзылуынан 40 мың текше метр су асқан. Тасқын су Қарғалы өзеніне құйып, одан асқан су Алматы қаласының үш ауданын ішінара басып өтті. Соның ішінде Наурызбай ауданы сел тасқынынан көбірек жапа шегіп отыр. «Қазіргі таңда төтенше жағдайдың салдарын жоюға ІІМ жеке құрамы мен жергілікті атқарушы органның 1196 адамы, 160 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды», - деді бүгін брифинг барысында Серік Әубәкіров. Сонымен бірге Қарғалы өзені бөгеті маңынан 898 жергілікті тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілген. Ал оқиға орнында жағдаймен танысу үшін вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен ІІМ орынбасары Владимир Божко Алматыға ұшып кеткен болатын.