ҚР ІІМ: бойжеткенді аман алып қалған екі жігіт марапатталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бейбіт күнде ерлік танытып, бойжеткенді құтқарып алған Азат Көшербаев пен Михаил Чижикті марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Суға кетіп қала жаздаған бойжеткенді құтқарғаны үшін Ішкі істер министрі екі жігітті «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады.

Бейбіт күннің батырларына медальды Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің бастығы табыстады.

«Ерлік танытқандарыңыз үшін рахмет! Сіздерге құрметке лайық әрекет жасадыңыздар! Ең бастысы сіздер адам өмірін құтқарып қалдыңыздар», - деді Ержан Сәденов.

Марапатталғандар өз кезегінде бұл қадамға ойлы түрде барғандарын, уақыт өткізбеу керектігін түсінгендерін айтты.

«Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД құтқарушылары Қайрат Жүсіпов пен Жігер Темірәліұлы марапатталды.

Еске сала кетсек, 17 шілде күні кешқұрым елордада көпірден секіріп кеткен бойжеткен құтқарылған болатын. Азат пен Михаил есімді жігіт суға секірген бойжеткенді құтқарып алған еді.

«Олар куәгерлермен бірге бойжеткенді судан алып шыққан. Су-құтқару бекетіне келгеннен кейін жедел жәрдем жеткенше бойжеткенге психологиялық және медициналық көмек көрсетілген. Оның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, #2 қалалық ауруханаға жеткізілді», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД хабарламасында.

Бұл уақытта «Тұлпар» көпірін күзетіп жүрген құтқарушылар судағы адамдарды көріп, оқиға орнына катермен барған.


Соңғы жаңалықтар