ҚР ІІМ-де үздік учаскелік инспектор таңдалды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігіне еліміздің үздік учаскелік полицейлері жиналды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы азаматтық қоғамның қажеттіліктеріне бағытталған ішкі органдарды реформалаудың маңызды кезеңі болып табылатын полиция жұмысының «қызметтік үлгісіне» көшуді тапсырған болатын.
Ел Президенті учаскелік полиция инспекторларын ұлттық сервистік қызмет үлгісіндегі басты тұлға ретінде белгіледі.
«Учаскелік инспектор белгілі бір саладағы құқық бұзушылықтың алдын алудағы басты тұлға», - деді ол.
Президент учаскелік полиция қызметкерін жергілікті халықтың мәселелерін шешуге, қылмыстың тікелей немесе жанама түрде жолын кесуге, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға шақыратынын баса айтты. Бүгінгі таңда учаскелік полиция инспекторлары ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көп функционалды қызмет болып табылады және халықпен жеке байланыста.
Учаскелік инспекторлар қылмыстық іс жүргізуді жүзеге асыруға, Әкімшілік құқық бұзушылықтардың 50-ден астам құрамы бойынша өз бетінше жаза қолдануға құқылы. Олар құқықтық тәртіпті, жол қауіпсіздігін, көші-қон саласындағы бақылауды, аумақтың абаттандырылуын, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуді, сотталған адамдардың, отбасылық тирандардың және басқа да маргиналды элементтердің өмір салтын бақылайды.
Ішкі істер министрлігінде жылды қорытындылай келе, кәсіби қасиеттерін, дене дайындығын тексеру нәтижелері, сондай-ақ тұрғындардың пікірі бойынша комиссия таңдаған үздік учаскелік полиция инспекторларының кеңесі өтті. Қорытынды кезеңде үш номинация бойынша үздік учаскелік полиция инспекторы атағына онлайн дауыс беру өткізілді.
Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы Ұлан Жүнісбеков «Республикалық маңызы бар қаланың үздік учаскелік полиция қызметкері» атанды.