ҚР ІІМ «Пробация туралы» жаңа заң жобасын әзірледі

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР ІІМ Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұған дейін пробациялық бақылау тек шартты түрде сотталған тұлғаларға қатысты жүзеге асырылатын. 2015 жылдан бастап жаңа қылмыстық және атқарушылық заңнаманың енгізілуіне байланысты бұл тізілім шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, бостандығын шектеуге сотталғандар және сотпен әкімшілік қадағалау бекітілген тұлғаларға қатысты санаттармен толықты», - деді министр.
Оның айтуынша, пробация қызметі елімізде 2012 жылы құрылған және штатында 1300 қызметкері бар.
«Оның негізгі мақсаты - бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазамен сотталғандарды, тұлғаларды қылмысты қайта жасауына жол бермеу. Нәтижесінде, 2015 жылы пробация қызметінің есебінен өткен тұлғалардың саны 9 мың адамға, 39 мыңнан 48 мыңға артты», - деді ол.
Министрдің айтуынша, азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыптастыру және еліміздің қылмыстық заңнамасын әлемдік тәжірибеге жақындата түсу үшін жаңадан әзірленген заң жобасымен пробацияның толық циклі енгізілетін болады.
«Яғни, пробацияның қосымша екі түрі - сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробациялау көзделеді. Сотқа дейінгі пробациялау күдіктінің мінез-құлқын түзетуге, оның қайтадан қылмыстық құқық бұзушылық жасауға жол бермеуге бағытталған әлеуметтік құқықтық көмек көрсетуге негізделеді. Ол халықтың әлеуметтік әлсіз тобына, нақты айтқанда, кәмелеттік жасқа толмағандарға, 58 және одан да үлкен жастағы әйелдерге, жүкті ійелдерге, сонымен бірге үш жасқа дейін баласы барларға, мүгедектерге 63 жастан асқан азаматтарға, үш жасқа толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандарға қатысты қолданылады», - деп түсіндірді Қасымов.
Ал пенитенциарлық пробация қылмыстық атқару жүйесі мекемесінен бостандыққа шығатын сотталушыны қоғамға дейімдеу мақсатын көздейді.