ҚР ІІМ вице-министрі Ақмола облысындағы су тасқыны қаупі бар аймақтарды тікұшақпен бақылап шықты (ФОТО)

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР ІІМ вице-министрі Владимир Божко Ақмола облысының аумағындағы көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтарды тікұшақпен бақылап шықты. ҚР ІІМ вице-министрінің қасында Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин болды.
None
None

Тікұшақ бортында болған ҚР ІІМ орынбасары мен Ақмола өңірінің басшысы Астана (Вячеслав), Сілеті су қоймаларын мұқият қарап, Ақмола облысының Сандықтау, Атбасар, Қорғалжын аудандарының су тасқыны қаупі бар өзендерінің (Сілеті, Есіл, Жабай, Нұра) жағдайларын, су тораптарының тасқын суларды өткізуге дайындықтарын тексерді. Ең алдымен Атбасар ауданындағы Заречный және Сочинское ауылдарының аумағына жақын орналасқан Жабай өзенінің жағдайына көңіл бөлінді.

Әуеден бақылаудың ең алғашқы нысаны Сілеті су қоймасының су торабы болды. Бұл жерде өңір басшысы көрші облыстардың елді мекендері мен жақын ауылдарын су басу қаупін болдырмас үшін ондағы жинақталған суды ағызып жіберуде мұқият болу қажеттігін айтты.

2015 жылғы 25 наурыздағы жағдай бойынша Атбасар, Аршалы, Егіндікөл, Сандықтау, Астрахан, Жақсы аудандарында қар қоры 2014 жылмен салыстырғанда 60 пайызға асып түседі. Есіл, Сілеті, Шағалалы өзендерінің алаптарында қар қоры әдеттегіден 30-40 пайызға жоғары. Қар мен мұз еріген кезде Есіл, Сілеті, Шағалалы, Нұра өзендеріндегі судың көлемі артады деп күтілуде.

Осыған байланысты ірі су қоймаларындағы су көлемін реттеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта Астана, Селеті, Шағалалы су қоймаларында жоспарлы су ығыстыру жұмыстарын жүргізу көзделген.

Атбасар ауданына келген облыс әкімі ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кәсіпорын басшылары басшыларымен кездесті. Ол жерде бүгінгі күні өңір аймағында 4 ауданда су тасқыны болу қаупі бар екені айтылды, оның ішіне Атбасар ауданы да кіреді. Кездесуде Сергей Кулагин су тасқынының алдын алу шараларына жүз пайыз дайын болу қажеттігін атап өтті. Бұл жерде ТЖ бойынша су тасқынының алдын алу шараларына жұмылдырылған апаттық-құтқару техникасының дайындығы пысықталды.

2015 жылдың 30 наурызындағы жағдай бойынша облыс қалалары мен аудандарында тасқын суларды өткізу үшін 653 мың текше метр қар шығарылған, осы жұмыстарға 258 техника тартылған. Ағын суды айналдырып өткізу үшін ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 21 мың метр арық тазартылды. Бұл жұмыстарға 253 адам мен 108 техника тартылды. Сондай-ақ 31,1 мың тонна инертті материалдар, 12,6 мың дана қап, 241,5 тонна мөлшерінде жанар-жағар май қоры бөлінді.

Соңғы жаңалықтар