ҚР Мемлекеттік хатшысына Ақтөбедегі жаңа әлеуметтік нысандар таныстырылды
Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары бой көтеруде. Қазіргі уақытта 12 нысан қолданысқа беріліп, жұмыс істеп тұр. Солардың бірі - Шығармашылық академиясы. Өнер ордасын «Қазхром» ТҰК» АҚ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салып берді. Қазір мұнда 3 мың бала бірнеше сала бойынша тәрбие алып жүр. Жыл соңына дейін 8 мың баланы үйірмемен қамту жоспарда бар.
«Болашақ сәулетшілер мен дизайнерлерге арнайы курс ашылды. Сонымен қатар, театр шеберханасы, би үйірмесі, балет студиясы бар. Кеме жасау шеберханасы қарастырылған. Балалар шетел тілдерін меңгере алады. Шығармашылық академиясында робототехника, «Aspan» авиа және ракета жасау шеберханалары, автомодель үйірмесі, гимнастика, таэквон-до және қазақша күрес үйірмелері, «Эспиранто» шет тілдерді дамыту мектебі жұмыс істейді»,- деді шығармашылық академиясы директорының міндетін атқарушы Шамшат Жұбай.
Ал «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 555 жоба іске асырылу үстінде. Олардың құны - 2,8 миллиард теңге.
Аталмыш жобалар «Туған жерге тағзым» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында ұйымдастырылған «Туған жер» республикалық форумы барысында таныстырылды.
Форум кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Денсаулық саябағына барды. Бұл саябақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған іс. Демалушыларға шағын футбол алаңы, велосипед жолы, жүгіру жолы қарастырылған. Мұнда медицина қызметкерлері апта сайын түрлі акциялар ұйымдастырып, йога, скандинавиялық жүріс жаттығуларын тегін өткізеді.
Сонымен қатар, форумға қатысушыларға Жекпе-жек сарайы таныстырылды. Бұл нысан бизнестің әлеуметтік жауапкерлігі аясында бой көтерді. Қазіргі кезде мұнда ҚР Президентінің жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарысқа Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Оңтүстік Корея елдерінен спортшылар келді.
«Туған жер» форумы аясында Ақтөбеде алғаш рет жекпе-жек сарайы ашылып отыр. Президент кубогының жаңа спорт сарайында өткізілуінің өз мәні бар. Өйткені Мемлекет басшысы жас кезінен күреспен айналысқан, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп келе жатқан жан-жақты тұлға. Ол еліміздегі спорт саласының дамуына ұдайы қамқорлық танытып отырады. Заманауи кешен Елбасы тапсырмасының іске асырылып жатқанын көрсетеді»,- деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.
Кейін форум қатысушыларына Жұбановтар әлемі орталығы көрсетілді. Бұл нысанды салуға кәсіпкер Қайрат Мәйтеков 300 миллион теңге бөлді. Мұнда ағайынды Жұбановтардың жеке заттары мен туындылары сақталатын болады. Ажар Жұбанованың айтуынша, әр бағытта жүрген Жұбановтардың ұрпақтары білім, мәдениет, өнер саласында шеберлік сабақтарын өткізуге дайын.
«Ақтөбе жерінен көп белгілі адамдар шыққан. Мәселен, әлемді таңғалдырған Димаш Құдайберген әкемнің есімімен аталған музыкалық колледжді бітірген бала. Қазақтың музыкасын жоғары деңгейге жеткізген ағайынды Жұбановтар еді. Олардың балалары қазір әр саланы таңдап, жоғары жетістікке жетіп жүр»,- деді Ажар Жұбанова. Ал демеуші болған кәсіпкер бұл өнер ордасында Димаш Құдайбергендей таланттардың тәрбиеленетініне сенімді.
«Ақтөбенің мәдениеті, шығармашылық саласы дамиды деген мақсатпен Жұбановтар әлемі орталығын салған едік. Орталықта әнші Димаш Құдайбергендей жұлдыздар тәрбиеленеді деген сенім бар. Мұнда вокал, би үйірмесі, дизайнерлік мектеп пен актерлік шеберлік сабағы өтеді»,- деді Қайрат Мәйтеков.