ҚР Президенті Ақтөбеде медициналық форумға қатысты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық медициналық форумға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше өндіріс орындарын аралап, жылыжай жұмысымен танысты. Кейін өңірде өтіп жатқан «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек практикасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты.

«Адамдардың денсаулығы мемлекетіміздің басты байлығы, жетістіктеріміздің белгілі кепілі. Елбасы тапсырмасымен негізі қаланған Ақтөбе медицина орталығы отандық медицинаның әлеуетін арттыруға айрықша үлес қосып отыр. Бүгінде нейрохирургия, балалар кардиологиясы, трансплантология және басқа да медициналық қызмет түрлері осы орталықта көрсетіледі. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына бармай, шетелге шықпай өңір тұрғындары осы жерде ауруына шипа тауып отыр. Барлық облыс осындай деңгейге ұмтылуы қажет. Бұған қажетті мүмкіндік бар. Жалпы облыста денсаулық сақтау саласында айтарлықтай жұмыс атқарылған, бірқатар жетістіктер бар. Оны атап өту қажет. Сондықтан бүгінгі халықаралық форумның осы жерде өтуі кездейсоқ емес», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде атқарылып жатқан істермен таныстырды.

«Алғашқы медициналық көмек бағыты бойынша скринингпен қамту қолға алынды. Үш созылмалы ауру түрі бойынша 200 мыңнан астам адам тексеруден өтіп, нәтижесінде олардың ауруханаға түсуі 2,5 есе азайды. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге бөлінген қаржы биыл 40 пайызға артты. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға арттыру жұмысы 2019 жылдың 1 маусымынан бастап орындалады. Оған қосымша 43 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 2020-2021 жылдарға 80 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды. Осы жылдың маусым айынан бастап жалақы 30 пайызға көтерілетін болды. Барлық медицина қызметкерлері атынан алғыс айтамыз», - деді министр.

Еліміз бойынша жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін жаңа стандарттар қабылданды. Нәтижесінде жедел жәрдемнің шақыртуға баруы 25 минуттан 15 минутқа қысқарған. Ауруханалардағы қабылдау бөлімі халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі. Жедел көмек көрсету дәрігері енгізілді. Өңірлерде балалар кардиохирургиясына көп көңіл бөлініп жатыр. Соңғы 7 жылда елімізде 12 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық ота жасалған. Балалар онкологиясы да назардан тыс қалмады.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында дәрігерлер тапшылығы мәселесін жою бағытында жұмыс жүріп жатыр. Мемлекет есебінен оқып жатқан студенттер 3 жыл жолдамамен бағытталған емдеу мекемесіне барады. Инфрақұрылымды дамыту бағытында алдағы 3 жылда алғашқы көмек көрсетуге бағытталған 600 нысан салынады. Кейбірі мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында бой көтереді», - деді министр Елжан Біртанов.

Айта кетейік, 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасында қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жетілдіру мен медициналық-санитарлық алғашқы көмекке бөлінген қаржы көлемі артады. Денсаулық сақтау саласында адам капиталын дамыту және дәрігерлердің жалақысын 2,5 есеге арттыру үшін де қосымша қаржы қарастырылған. Ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығы 2025 жылы 75 жасқа жеткізу көзделген.

Соңғы жаңалықтар