ҚР Президенті: Халықаралық терроризм және экстремизммен күрес бүкіл мемлекеттердің күшін біріктіруі қажет
«Құрметті елші мырзалар! Сіздер әлемдік құрылым терең өзгеріске ұшырап жатқан кезде қызметке кірісіп отырсыздар. Бүгінде жаһандық жаңа тәртіп, жаңа архитектура қалыптасу үстінде. Жергілікті және өңірлік қақтығыстар, халықаралық терроризм мен экстремизм етек алуда. Оның алдын алу үшін күрес бүкіл мемлекеттердің күшін біріктіруі қажет. Біз стратегиялық тұрақтылық пен орнықты даму жолында бірлесе ізденуге ниеттіміз», - деді Елбасы.
Сонымен қатар ҚР Президенті өз сөзінде Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жолындағы жаһандық қозғалыстың басында келе жатқанын баса айтты. «Біз халықаралық істерге бұрынғыдан да белсенді қатысуды көздеп отырмыз», - деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев өз сөзінде елшілер қаперіне кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жобасы бойынша Қазақстан Еуропалық одақпен келіссөз аяқтағандығын, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің соңғы сатысында тұрғанын салып өтті.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарын да белсенді енгізіп жатырмыз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың біріккен нарығының бір бөлігі болып саналамыз. Сол себепті бұл одаққа мүше елдермен өзге сауда серіктестер арасында дәнекер болуға әзірміз», - деді Ұлт көшбасшысы.