ҚР Президентіне сенім грамоталарын табыстау рәсіміне дайындық қалай жүргізіледі
Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын табыстау рәсімін ұйымдастырумен көптеген мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде хаттама қызметі де айналысады. Мемлекеттік хаттама басшысының орынбасары Алмас Аюбаев елшілермен нұсқау мен дайындық қалай өткені туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

«Бүгін біз Президентке сенім грамоталарын табыстау рәсімін өткіземіз. Бұл – әр елші мен дипломаттың мансабындағы маңызды іс-шара. Кейінгі 2-3 күн бойы хаттама қызметі елшілерге нұсқау берумен айналысты. Біз іс-шараға дайындалдық. Сенім грамоталарын табыстаудың ерекшелігі көп. Әр елдің өзгешелігі болады. Қазақстанда да дәл солай», – деді Алмас Аюбаев.

Оның сөзінше, бүгінгі рәсімнің ерекшелігі – қатысатын елшілер санында. Салтанатты шараға әлемнің 14 елінің, оның ішінде Швейцария, Литва, Чехия, Үндістан, Иордания, Нидерланд, Ватикан, Словения, Уганда, Гана, Уругвай, Эфиопия, Дания мен Непал елшілігінің өкілдері келді.

«Сыртқы істер министрлігінің хаттама қызметі, Президент әкімшілігі әріптестерімізбен бірге сызбасын, сценарийін жасап, барлық елшіге нұсқаулық жасады. Бүгін – ерекше күн, 14 елші табыстайды. Бұл көп уақыттан бері бірінші рет болып тұр. Жеті елшінің резиденциясы Астанада, тағы жетеуінікі басқа елдерде орналасқан», - деп толықтырды Алмас Аюбаев.

Сенім грамоталарын табыстау концепциясы әлем бойынша бекітілген. Оны өткізу кезінде әр елдің ерекшелігі мен басқа да маңызды нәрселер ескеріледі. Мемлекеттік хаттама қызметінің өкілі Қазақстандағы хаттама ерекшеліктеріне тоқталды.

«Хаттама мен жалпы рәсімнің ерекшелігіне келер болсақ, көп жағдайда концепция әлем бойынша бекітілген үлгімен өткізіледі, яғни бірдей болады. Бірақ ұлттық ерекшелік, ғимараттың құрылысы, мемлекеттік символ элементтерін пайдаланумен өзгешеленеді. Елшілер Ақордаға келе сала міндетті түрде туымызға құрмет көрсетіп, Қазақстанның әнұранын тыңдайды. Сондай-ақ бірінші қабатта ұлттық ұлан қатысуымен бөлек рәсім өтеді», - деп мәлім етті мемлекеттік хаттама басшысының орынбасары.

Хаттама қызметінің өкілі елшілердің келу және оларды сапқа тұрғызу тәртібі туралы айтты. Шығу, шақыру және сенім грамоталарын табыстау елшілердің елге келген уақытына қарай әр минутына дейін бекітіледі.

Елші Президентке сенім грамоталарын табыстағаннан кейін ресми түрде өз қызметін орындауға кіріседі. Рәсімді өткізу кезінде елшіні жөнелтуге де дайындық жүріп жатады.
«Осы уақытта әріптестеріміз, яғни мемлекеттік хаттама қызметі жөнелту сәтін дайындайды, соған сәйкес, туды шығарамыз. Сенім грамоталарын табыстағаннан кейін елшілер жол полициясының ілесіп жүрумен өз елінің туы бар резиденцияға барады», - деп атап өтті Алмас Аюбаев.