ҚР ҰҚК: Ақтөбеде террорлық қауіптің «қызыл» деңгейі «сарыға» ауыстырылды - операция аяқталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 маусымда, Ақтөбе облысында лаңкестерді жою операциясы аяқталды.

Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары генерал-майор Нұрғали Білісбеков ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментінде өткен брифингте мәлімдеді.

«9 лаңкес ұсталды, 18-інің көзі жойылды. 23 бірлік қару тәркіленді, бір өндіріске біріктірілген 25 қылмыстық іс қозғалды. Ведомствоаралық топ лаңкестік актінің барлық мән-жайын тергеу бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Тұтқынға алынғандар қылмысты әшкерелейтін айғақтар беріп жатыр», - деді Білісбеков.

Оның айтуынша, алдын ала деректер бойынша, лаңкестер қару иеленгеннен кейін түзеу мекемелеріне және жекелеген мемлекеттік органдарға шабуылдауды жоспарлаған.

Республикалық терроризммен күрес жедел штабының үйлестіруімен Ақтөбе жедел штабы күштерінің уақтылы ден қойған кәсіби іс-қимылының арқасында лаңкестердің қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Басқа өңірлерден шұғыл түрде күштер жеткізілді. Мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-әрекетінің сапалы деңгейі қысқа мерзімде іздеуді сәтті жүзеге асырып, террорлық топтың барлық мүшелерін қолға түсіруге мүмкіндік туды.

Ақтөбе облысындағы лаңкестіктің қауіптілік деңгейі «қызылдан» орташа «сары» деңгейге ауыстырылды. Террорға қарсы орталық басшылығы атынан Н.Білісбеков жазықсыз қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Сондай-ақ, ол облыс тұрғындары тарапынан көрсетілген қолдауды да атап өтті.

Соңғы жаңалықтар