Кран-Монтанадағы өрттен қаза тапқандар саны 41 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцарияның Кран-Монтана тау шаңғысы курортында орналасқан бардағы өрт салдарынан қаза тапқандар саны 41 адамға жетті. Бұл туралы Euronews хабарлайды.

Кран-Монтанадағы өрттен қаза тапқандар саны 41 адамға жетті
Фото: KEYSTONE / CYRIL ZINGARO

Жаңа жыл түні Le Constellation барында болған өрт кезінде ауыр күйік алған 18 жастағы жасөспірім бір ай бойы дәрігерлердің бақылауында болғанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ол 31 қаңтар күні Цюрих қаласындағы ауруханада көз жұмған.

Вале кантонының прокуроры Беатрис Пийю AFP агенттігіне берген мәлімдемесінде осы деректі растады. Оның айтуынша, қайғылы оқиға құрбандарының жалпы саны 41 адамға жеткен. Сонымен қатар, тергеу барысына қатысты жаңа ақпарат әзірге жарияланбайтыны айтылды.

Қаза тапқандардың жасы 14 пен 39 жас аралығында. Олардың басым бөлігі – жасөспірімдер. Тек төрт адам ғана 24 жастан асқан. Құрбандар арасында 23 Швейцария азаматы және басқа елдердің 18 азаматы бар, оның ішінде сегізі – Франция азаматтары.

Аталған өрт 2026 жылғы 1 қаңтарға қараған түні шыққан. Оқиға салдарынан 100-ден астам адам жарақат алған.

Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес, өрт шампан бөтелкелеріне салынған бенгал оттарынан шыққан. Төбені қаптаған акустикалық көбік материал тез тұтанып, бірнеше секунд ішінде жалын бүкіл бөлмені шарпыған. Нәтижесінде келушілер ғимараттан шыға алмай, от құрсауында қалған.

Швейцария билігі бардағы төбе жабынының қауіпсіздік талаптарына сай болған-болмағанын, сондай-ақ мекемеде ашық от көздерін пайдалануға рұқсат берілген-берілмегенін тексеріп жатыр. Белгілі болғандай, өрт қауіпсіздігіне қатысты соңғы тексеріс бұл мекемеде 2019 жылдан бері жүргізілмеген.

Қазіргі таңда іс бойынша 4 адам тергеліп жатыр. Швейцария прокуратурасы бар иелері – Франция азаматтары Жак Моретти мен Джессика Мореттиге қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар абайсызда адам өліміне әкелу, абайсызда денсаулыққа зиян келтіру және өрт шығару баптары бойынша күдікке ілінген.

12 қаңтарда Вале аймақтық соты Жак Мореттиді сотқа дейін үш ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарған. Алайда 23 қаңтарда бұл шешім күшін жойып, ол кепілмен босатылған.

Сондай-ақ қылмыстық тергеу ауқымы кеңейтіліп, іс фигуранттары қатарына Кран-Монтана муниципалитетінің қауіпсіздік қызметінің тағы екі қызметкері енгізілді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум