Криштиану Роналду Португалия құрамасы сапындағы мансабын аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубының аты аңызға айналған шабуылшысы Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасы сапындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.

Криштиану Роналду
Фото: instagram.com/cristiano

Бұл жөнінде әйгілі футболшы өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды. Оған қатысты әсерлі бейнежазба жариялады. Онда елдің басты командасы сапында өткізген 23 жылына арналған пікірін білдіріп, «Португалия әрдайым менің бір бөлігім болып қала береді» деп жазды.

— Ұлттық құраманың жетінші нөмірлі жейдесін тапсыратын күн жетті. Мен оны ешқашан тек өзіме тиесілі деп есептеген емеспін. Ұлттық құрамада оны 23 жыл бойы кию бақыты бұйырды, әлемнің көп стадионында елімнің намысын қорғау мен үшін үлкен мәртебе мен жауапкершілік болды, — деген ойын білдірді Криштиану Роналду.

Португалиялық бұл шешімнің өзіне оңайға соқпағанын мойындады. Шабуылшының айтуынша, ұлттық құрамада өткізген жылдары ол голдардан, рекордтардан және трофейлерден әлдеқайда көп нәрсе алды. Оның естелігнде жанкүйерлер ерекше орын алады, соның ішінде туған жерінен тыс тұратын португалиялықтар да бар. Роналду футболдың өзі үшін жай ғана ойыннан артық болғанын, өйткені ол адамдарды біріктіретінін атап өтті.

Криштиану Роналду душ Сантуш Авейру 1985 жылы 5 ақпанда Португалияның Мадейра аралындағы Фуншал қаласында дүниеге келген.

Роналду кәсіби мансабын Португалияның «Спортинг» клубында бастады. 2002-2003 жылдардағы жарқын ойынынан кейін оны Англияның «Манчестер Юнайтед» клубы шақырды. Манчестерде ол әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналып, алғашқы «Алтын добын» жеңіп алды.

2009 жылы Роналду Испанияның «Реал Мадрид» клубына ауысып, тоғыз маусым бойы команданың басты көшбасшысы болды. Мадридтік кезеңде ол төрт рет Чемпиондар лигасын жеңіп, клуб тарихындағы ең көп гол соққан футболшы атанды.

Кейін португалиялық шабуылшы Италияның «Ювентус» клубында ойын көрсетті. Ал 2021 жылы «Манчестер Юнайтедке» оралды. 2023 жылдан бері ол Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубының намысын қорғап келеді.

Португалия құрамасы сапында Роналду 2003 жылдан бері ойнайды. Алғашқы матчті Қазақстан құрамасына қарсы өткізген болатын. Ол 200-ден астам матчта 130-ден астам гол соғып, әлемдік рекорд орнатты. Құрамамен бірге 2016 жылғы Еуропа чемпионы және 2019 жылы Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды.

Роналду — бес дүркін «Алтын доп» иегері, бес дүркін Чемпиондар лигасының жеңімпазы болды. Оған қоса әлемдік жұлдыз — футбол тарихындағы ең көп гол соққан ойыншылардың бірі.

Айта кетсек, Португалия футбол федерациясы «Алтын доптың» бес дүркін иегері Криштиану Роналдуды ұлттық құрама сапынан уақытша шеттету туралы шешім қабылдады. Бұған футболшының командадан өз бетінше кетуі себеп болған.

Роналдудың құрамадан кетуіне Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезушпен арадағы жанжал себеп болған.

Еске салайық, бұдан бұрын Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси 39 жасында ұлттық құрамадан кететінін мәлімдеді.