Кірістер комитеті цифрлық майнинг нарығын қалай бақылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Ел қазынасына соңғы үш жылда 17 млрд теңге көлемінде түсім түсті, оның 14 млрд теңгесі цифрлық майнинг үшін төлем есебінен. Толығырақ Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов тарқатып берді.

Серый майнинг и рост биткоина: как регулируется криптобиржа в Казахстане
Фото: Kazinform

— Салықты бақылауды әкімшілендіру бойынша камералдық бақылау жүргіземіз. Жыл ішінде салықтың түсуін бақылау аясында 11 млрд теңге қамтамасыз етілді. Ол үшін әр түрлі дереккөз қолданылады, — деді Талғат Әділов Кірістер комитетінде онлайн өткен брифингте.

Спикердің айтуынша, әкімшілендіру барысында энергия беруші ұйымдардың дерегі мен электрондық дерек, оның ішінде шот-фактура ескеріледі.

— Цифрлық майнинг үшін төлем бойынша энергия беруші ұйымдардан алынған мәліметті және электрондық деректі, яғни электрондық шот-фактураны ескере отырып бақылау жүргіземіз. Соның нәтижесінде 500 млн теңгеден астам майнинг төлемі қамтамасыз етілді, — дейді ол.

Сондай-ақ Кірістер комитетінің өкілі, газ өндіруші ұйымдарға және төлемді төмендеткен майнерлерге салық тексерісі жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде мемлекетке қосымша қомақты түсім түсті. 

— Салық төлеушілердің крипто-әмиянындағы табыс көлемі, құн өсімін жасырмауы, цифрлық активтерді көрсетпеуі және Салық кодексі аясында цифрлық активтер туралы заң талаптарының сақталуын тексереміз, — деді ол.

Қазір жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты өзгерістер күтіліп отыр. 

— Жаңа Салық кодексін қабылдауға орай нормативтік-құқықтық актілер де қабылданбақ. Оның аясында цифрлық активтердің тізімін кеңейттік. Қазір олардың саны — 114. Бұл құнды биржа, майнинг-пул. Бұл салық төлеушілерге ыңғайлы, — деп толықтырды ол.

Оның айтуынша, бүгінде еліміз криптовалюта бойынша халықаралық салықтық ақпарат алмасуға дайындалып жатыр. 2027 жылдан бастап 60-тан астам ел өзара юрисдикциямен цифрлық активтер бойынша мәмілелер жөніндегі ақпарат алмасады. Бұл резиденттер мен резидент еместердің цифрлық активтерді сатып алу-сату операциясын бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар маман цифрлық майнинг үшін төлем бойынша 880-нысан өзгертілгенін айтып отыр. 

— Оның аясында қосымшада электр энергиясы берілетін бірінші және екінші санаттағы майнерді көрсетуді енгіздік. Бұл дерек әкімшілендіру барысында цифрлық майнинг үшін төлемді дұрыс есептеу үшін қолданылады, — дейді Талғат Әділов баспасөз мәслихатында.

Оның ақпаратына сәйкес, 2026 жылғы қаңтардан бастап заңды тұлғалар цифрлық активті сатқан кезде құн өсімін есептеуге міндеттеледі. 

— Бүгінде аталған табыс түрі заңды тұлғалар тарапынан жалпы айналымда көрсетіледі, — деп түсіндірді ол.

Еске салайық, Қазақстанда майнингпен айналысатындар қалай жұмыс істейтіні туралы жазған болатынбыз. 

Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 9 млрд теңгенің заңсыз электр саудасы, яғни майнингке қатысты іс тергеліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар