Куәгер мылтық пен пышақтың ғайып болғанын есіне алды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Шерзат соты
Фото: Видеодан алынған скрин

Сот отырысы барысында Дана Жақсыгелді куәгер ретінде жауап беріп жатыр. Оның айтуынша, «Қамажай» дүкені маңында болған жанжалдан кейін күдіктілер көлікпен «777» дүкеніне барған. Сонда Дана Жақсыгелді күдіктілердің бірінің қолынан пышақты көрген.

— Автокөлікте отырған кезде көліктің алдыңғы орындығында мылтық тұрғанын көрдім. Одан кейін біз 777 дүкеніне бардық. Оған Шыңғыс, Нұрқияс, Эльмира кірді. Эльмира Dizzy сусынын алып шықты. Оны көлік капотына қойды. Сосын Абзал оны маған «бере салшы» деді. Еңкейіп тұрған. Қолын сүртіп тұрғандай болды. Сосын әкеле жатқанда «құя салшы» деді, мен құйдым. Басында байқаған жоқпын, кейін пышақтың жүзін байқадым, — деді ол.

Прокурор куәгерден бұл пышақты кім, қайда тастағанын сұрады.

— Одан кейін біз көтеріліп Рысқұлов ауылына қарай шықтық. Себебі сол жаққа қарай «тартылыңдар» деп бір-бірімен сөйлесіп жатқан. Сол кезде жолдан бір жерге тоқтап, Шыңғыс деген бала жаңағы мылтық пен пышақты алып түседі. Қайтып келгеннен кейін қолдарында ештеңе болмады, — деді Дана Жақсыгелді.

Бұған дейін екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.

Оның алдында сотта куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.

Өткен аптада сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.

Сондай-ақ Қаржаубай Нұрымов Шерзаттың қашан жан тапсырғанын айтты

Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева да қайғылы оқиға қалай болғанын еске алды.

Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады. 

Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік. 

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады. 

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды. 

Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.

Соңғы жаңалықтар