Қуандық Бишімбаев Ленгір қаласындағы түрмеге жіберуді өзі сұраған
ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасеновтың айтуынша, экс-министр өтініш жазып, Ленгер қаласындағы түрмеге жіберуді сұрады. Аталған мәселе Қылмыстық атқару кодексінің 88-бабында көрсетілген. Оған сәйкес, сотталған азамат әлеуметтік пайдалы қарым-қатынасты ұстаймын деп, нақты бір түрмеге жіберуді сұрай алады. Қ.Бишімбаев тура сондай өтініш жазып, Ленгер жақта туған-туыстарының тұратынын көрсеткен.
«Осыған байланысты сотталған Бишімбаев 5 шілдеден бастап Түркістан облысы Ленгір қаласындағы ИЧ 167/9 мекемесінде өз жазасын өтеп жүр. Ол - қатаң режимдегі колония. Шамамен, 500 адамға арналған. Ондай түрмеге ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін алғаш рет сотталғандарды жібереді», - деді Ғ.Хасенов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ол колонияда 400-ден астам адам отыр.
«Қуандық Бишімбаевқа ешқандай жеңілдік жасалмайды. Бір орынды камера да болмайды. Ол барлық сотталғандармен бірге жатады», - деп атап көрсетті комитеттің баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сотта 23 адам жауап берді. Олар Қызылорда облысындағы шыны зауытының құрылысына арналған 1 млрд теңгені қолды қылған. Бишімбаев бір емес, бірнеше рет пара алды. Сол үшін 10 жылға сотталды.