Куба мен Боливия Венесуэла президенті Мадуроны қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Куба мен Боливия үкіметтері Венесуэла президенті Николас Мадуроға қолдау білдіріп, АҚШ-тың оның ұсталуына арналған сыйақыны 50 миллион долларға дейін арттыру туралы шешіміне жауап берді, деп хабарлайды Анадолы.

Куба мен Боливия Венесуэла президенті Мадуроны қолдады
Фото: Анадолы

Куба президенті Мигель Диас-Канель X әлеуметтік желісіндегі жазбасында АҚШ-ты сынға алды.

Ол АҚШ-тың бұл шешімі халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келетінін алға тартты.

— АҚШ үкіметі заңды сайланған Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы қолданылып жатқан біржақты және заңсыз шараларды негіздеу үшін өзін халықаралық төреші ретінде көрсетуге ұмтылып жатыр, — деп жазды Канель.

Ал Боливия президенті Луис Арсе X әлеуметтік желісінде АҚШ-тың Мадуроға қатысты мәлімдемесін «қабылдауға келмейтін» әрекет деп бағалады.

— АҚШ үкіметінің бауырымыз, президент Николас Мадуроға жасаған бұл шабуылын айыптаймыз. Демократиялық жолмен сайланған президентке сыйақы жариялау — бұл отарлық дәуірдің қалдығы. Бұл — Венесуэланың және біздің халықтардың егемендігі мен ар-намысына жасалған соққы, — деді Арсе.

Айта кетейік, АҚШ үкіметі Мадуроның ұсталуына немесе сотталуына септесетін ақпарат үшін бұрынғы 25 миллион доллар көлеміндегі сыйақыны 50 миллион долларға дейін арттырғанын жариялады.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, бұл ақпараттық ұсыныс жаңартылған.

Сонымен қатар, АҚШ Мадуроны 2024 жылғы сайлаудың жеңімпазы ретінде мойындамайтынын және оны Венесуэланың заңды президенті деп танымайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар