Кудрәт Шамиев: Тұрақты жетістік үшін білікті маман тарту өте маңызды
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев Астанада өтіп жатқан таеквондодан Гран-при финалы (World Taekwondo Grand Prix Final) аясында Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, федерация жұмысы және халқаралық жарысты өткізу жәйлі айтып берді.
Федерация президенті еліміздің екі жылда үш үлкен халықаралық турнирді сәтті қабылдап жатқанын, сонымен қатар алдағы жылы әлем чемпионатын өткізетінін еске салды.
- Гран-при финалы мен әлем чемпионаты олимпиадаға баратын жолдың 30 пайызға жуығын айқындайды десек те болады. Гран-при финалы G-10 санаты болатын болса, ол жерде жеңімпаз 100 ұпай, ал әлем чемпионатынан 140 ұпай еншілей алады. Осы екі додадан топ жарған спортшы Олимпиадаға қажетті 230 шекті ұпайды жинап алады. Сондықтан осы екі халқаралық турнирді елімізде өткізу спортшыларымызға жақсы мүмкінді. Сонымен қатар, ұйымдастыру жағынан бізге үлкен жауапкершілік, өйткені мұндай үлкен доданы біз бірінші рет қабылдап жатырмыз. Былтыр араға 12 жыл салып Kazakhstan Open турнирін сәтті өткіздік. Ал осы жылы G-1 санатындағы Kazakhstan Open додасын және Алтай таеквондо чемпионатын өткіздік. Бірақ бұл Гран-при финалдың орны ерекше, яғни маңыздылығы біздің өткізіп жатқан шаралардан 10 есе артық. Яғни бізге деген артылған жауапкершілік те 10 есе артық десек болады. Осындай жақсы ұйымдастырушылық, нәтижелі жұмыстар арқасында елімізде келер жылы әлем чемпионатын қабылдауға мүмкіндік туды,- деді ол.
Кудрәт Шамиев ұлттық құрама бас бапкері Есбол Сұлтановтың жұмысын оң бағалап, шетелдік білікті мамандар тарту туралы қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
- Ұлттық құрама үшін бас бапкердің орны бөлек. Себебі ол құраманың жалпы дайындығы, спортшылардың әлеуетін толықтай бақылап отырады. Сонымен қатар, бапкерліктен бөлек менеджерлік қасиет болу керек. Өйткені бүкіл бапкерлердің басын жинау немесе бүкіл бапкерлерді бір ауыздан бір шешімге келуді ұйымдастыру оңай емес.
Ересектер құрамасының бапкерлер құрамын бекіткен кезде әрбір өңірден өзінің нәтижесі бар мықты бапкерлерді тағайындадық. Сол бапкерлерге басшы етіп Есбол Сұлтановты қойған болатынбыз. Сол бірлескен жұмыстың нәтижесінде осындай нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз.
Бұл жерде барлығының еңбегі өте үлкен. Есбол Сұлтанов бір жыл бұрын әлемнің ең үздік бапкерінің бірі атанған, Тунисте үлкен нәтиже көрсеткен болатын. Оның мол тәжірибесі ұлттық құрамаға септігін тигізді.
Белгілі бір жетістікке жетіп тоқтап қалу ол федерацияның талабына сай келмейді. Тұрақты жетістік үшін білікті маман тарту өте маңызды. Сол үшін жақсы нәтиже көрсеткен шетелдік бапкерлерді тарту жұмысы жалғаса береді.
Мысалға қазіргі таңда бізде бапкерлік етіп жүрген Әли мырзаны айтуға болады. Ол кісі ұзақ жылдар бойы Иран құрамасын баптап, өте керемет нәтижелерге қол жеткізген болатын,- деді ол.
Қазақстан таеквондо федерациясының президенті отандық төрешілерді халықаралық аренаға шығару бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.
- Төрешілік мәселесі спортшылар жетістікке жетуіндегі маңызды факторлардың бірі. Әділ және ашық төрешілік федерацияның дамуына және беделінің артуына әсер етеді. Біз ең әуелі соны қолға алып, төрешілердің семинарын өткізген болатынбыз. Қазір кез келген төрешілер семинары халықаралық деңгейдегі семинар немесе рефрешмент курс деңгейінде өтеді. Сол арқылы біз өз елімізде халқаралық дәрежедегі отандық төрешілер дайындай аламыз. Сол мүмкіндікті пайдаланып, біз биылғы жылдың ішінде 20-ға жуық төрешіні халықаралық төрешілер санатына енгіздік.
Одан бөлек, қазіргі таңда біздің төрешілер әлем чемпионаттары, Азия ойындары сияқты үлкен намысты додаға атсалысып жатыр. Тәжірибе алмасу үшін және де біздің төрешілікке мотивация болу үшін ішкі чемпионаттың жартылай финал және финалдық бәсекесіне әрдайым 20-ға жуық төрешілер шақырамыз. Соның нәтижесінде жаңадан жас таланттар шығып жатыр, соның нәтижесінде шын мықты жеңіске қол жеткізіп жатыр, соның нәтижесінде федерацияның ішінде ешқандай бір сенімсіздік пен ешқандай бір дау-дамайдың жоқтығы,- деді Кудрәт Шамиев.
Айта кетейік, Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондо мен пара таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалы ресми жалауы желбіреді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан таеквондо федерациясы (WT) Астанада өтетін Гран-при финалына қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.