Құқық қорғау органдарында ЖИ енгізу процесі қалай жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір көптеген салаға жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Бүгін Сенат қабырғасында ЖИ-ді құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне енгізу мәселесі қаралды.

– Электрондық істің артықшылығы басым. Бұл дегеніміз қылмысты, тергеу нәтижелері және барлық кінәлі тұлғаны жауапкершілікке тарту туралы деректерді жинауды автоматтандыру және жеделдету, сыбайлас жемқорлыққа қатысты жалған мәлімдеме жасау тәуекелін болдырмау, – деді Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттандыру, цифрландыру және ақпараттық ресурстарды қорғау басқармасының бастығы Қадыржан Жаркенов жиын барысында.
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, электрондық құжаттардың үлгілерін автоматты түрде қалыптастыру арқылы процессуалдық құжаттарды әзірлеу және келісу рәсімдері едәуір жеңілдеген.
- Сот сараптамаларын тағайындау және олардың нәтижелерін алу да қазір электрондық форматта жүзеге асырылады. Адвокаттар «Заң көмегі» жүйесімен интеграция арқылы автоматты түрде тағайындалады. Процеске қатысушылар ЕҚДБ ашық секторы арқылы процессуалдық құжаттардың көшірмелерін ала алады. Сонымен қатар, құқықтық және қылмыстық статистиканың толықтығы, объективтілігі мен шынайылығы қамтамасыз етіледі, – дейді ол.
Сондай-ақ маман бүгінде қылмыстық процестің тіркеуден бастап прокурорлық қадағалауға дейінгі негізгі кезеңдері толық цифрлық форматқа ауыстырылғанын айтты.
– 2018 жылдың басында электрондық форматта тергелетін қылмыстық істердің үлесі 5% болса, 2024 жылдың соңында және биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 95%-ға жетті, – деп толықтырды Қ.Жаркенов.
Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінде «Жасанды интеллект: оның технологияларын құқық қорғау және сот қызметіне енгізу және қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Сенат депутаттары, құзырлы органдардың өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Бұған дейін Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров жасанды интеллектіні енгізуде адамның құқығы мен жеке деректері қатаң сақталуы керектігін айтқан еді.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс жасанды интеллект туралы үш заңның жобасын мақұлдады.