«Құқыққа қайшы контент» таратқандар жалған ақпарат тарату бабы бойынша жазаға тартылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңға «құқыққа қайшы контент» ұғымы енгізілсе, оған жол берген азаматтарға қандай жаза қолданылатынын түсіндірді.

— Менде сіз ұсынып отырған заң қабылданса өзгеше ойлайтындарды ашықтан ашық қудалау бастала ма деген күмәнім бар. Өйткені сіздің баяндамаңыздан «құқыққа қайшы контент» деген ұғым бар екенін байқадым. Ондай фигурант есепке алынып, тәуекел белгісі алынғанша бақылауда болады екен. Мені осы тұстар алаңдатып отыр. Бұл заң жобасы адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз ұйымдардың сараптамасынан өтті ме, — деп сұрады депутат.
Оның айтып отырғаны — «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заң жобасына ілеспе құжаттың нормасы.
— Ілеспе заң жобасының аясында құқыққа қайшы контент таратқаны үшін, мемлекеттік органдардың құқық бұзудың себебін жою туралы ұсынымын қасақана орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жасөспірімдерге қатысты педагогтің сүйемелдеуі, әлеуметтік маңызды қызметке тарту, тәуелділіктің алдын алу бағдарламасы, тәртібін түзеу сияқты мамандандырылған шаралар көзделген. Сот шешімі бойынша жеке шектеулер де енгізілуі мүмкін, — деген болатын Игорь Лепеха өз баяндамасында.
Министрдің орынбасары бұл бап қолданыстағы заңнамада 2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты.
— Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы заңда құқыққа қайшы контентті таратып, орналастыруға тыйым салынған. Осы заңның 14-бабында осындай тыйым бар. Біз бұл баптың редакциясына тиіскен жоқпыз. Тек құқыққа қайшы контент таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған болатын. Сондықтан жалған ақпарат тарату және орналастыру туралы 456-бапқа, үтір арқылы «құқыққа қайшы контент» деген ұғым қосылды, — деді ол.
ІІМ өкілі аталған баптың қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп өтті.
— «Жалған ақпарат тарату» бабының өмірдегі қолданысы бойынша тәжірибеміз бар. Ондай әрбір факт бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі жалған ақпарат тарату фактісі орын алды деп есептесе, ол материалды тіркеп, филологиялық сараптамаға бағыттаймыз. Бұл тәуелсіз сараптамалар тексеріп әрекет әкімшілік құқық бұзу ма, қылмыстық құқық бұзу ма, соны айтады. Ол материалдың бәрі прокуратураның мақұлдауынан өткеннен кейін барып сотқа түседі. Негізгі сүзгі осы сот, ақырғы шешімді сол шығарады, құқыққа қайшы әрекет жоқ деп таныса ақтауы да мүмкін, — деді Игорь Лепеха.
Еске салсақ, кеше бірқатар БАҚ-та экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Сара Алпысқызының өмірден озғаны туралы ақпарат тараған болатын.