Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жеңілдіктеріне бюджеттен 8 млн. теңгеге жуық қаражат қарастырылған

Заң жобасының түсіндірме жазбасына қарағанда, құқық қорғау органдарына әлеуметтік жеңілдіктер қамту үшін 2013-2015 жылдарға бюджеттен 7 млн. 912 мың қаражат қарастырылған. Оның ішінде 2013 жылы - 3 млн. 468 мың, 2014 жылы - 2 млн. 389 мың, 2015 жылы - 2 млн. 55 мың теңге көзделіп отыр. «Заң жобасының аясында қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жекелеген нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, қызметкерлердің әлеуметтік қаражатының артуы көзделеді. Қызмет бабында қаза болған не мүгедек болған полицейлердің балалары балабақшаларға, оқу орындарына кезектен тыс орналастырылуы қарастырылмақшы», - деді ҚР ІІМ министр орынбасары Ерлік Кененбаев.
Оның айтуынша, заң жобасы қызметкерлер өздерінің тұрақты жұмыс орындарынан бөлек, басқа жұмысты да атқаруға міндеттеме алатындығы туралы нормамен толықтырылған. Ондай жағдайда оның сыртта атқарған қызмет мерзімі ұлғайтылып есептеліп (1 ай 3 ай есебіне) және үстеме ақшалай өтемақы төленеді.