Құлап, дірілдеп жатқан: Шымкентте полицейлер бір адамның өмірін сақтап қалды

Құлап, дірілдеп жатқан: Шымкентте полицейлер бір адамның өмірін сақтап қалды
Фото: видеодан алынды

Шымкентте патрульдік полицейлер аялдамада талмасы ұстап қалған азаматты құтқарды. Kazinform бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мұхит Иманов пен Мұратбек Тәжібай аялдамада эпилепсиялық талмаға ұшыраған азаматқа дер кезінде көмек көрсетті. Қала көшелерінде тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген патрульдік полиция полкінің қызметкерлері автобус аялдамаларының бірінде құлап, дірілдеп жатқан адамды байқаған.

Полицейлер жедел әрекет етіп, оны бір жағымен жатқызып, басына сырт киімін қойды. Бірнеше секундтан кейін ер адамның ұстамасы тоқтады. Ол медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Осылайша, құқық қорғаушылар жедел және үйлесімді әрекеттің арқасында тағы бір адамның өмірін сақтап қалды. Оларға құтқарылған тұрғынның туыстары шын жүректен ризашылығын білдірді.

«Ер адамның тынысы үзіліп, дауысы тарылып жатқан еді. Эпилепсиялық ұстаманың белгілері көрінді. Әріптесіммен бірге оған алғашқы көмек көрсеттік. Кейін азамат есін жинады. Бір жақсысы, біз дәл сол сәтте жақын маңда болдық. Әрине, бұл әрекетімізді батырлық деп санамаймыз. Қажет кезде көмекке келу – біздің міндетіміз», – дейді Мұхит Иманов.

Соңғы жаңалықтар
telegram