Құлдықта болған адамдардың ісі сотқа жете бермейді – ҮЕҰ өкілі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде адамдардың құжаттарын тартып алып, мәжбүрлі түрде жұмыс істету дерегі соңғы жылдары ресми тіркелмеді. Алайда осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым өкілдері мұндай жағдай әлі күнге дейін кезігетінін айтады.

құлдық
Фото: Kazinform/Рixabay

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр өңірде құлдықта ұстау дерегі тіркелмеді. Ал осы салада жұмыс істеп жатқан «Дәріс-2016» орталығының мамандары болса әлі де еңбегі қаналып, көмек сұрап келетіндердің азаймағанын айтады. Сол үшін де жыл сайын шаруашылықтарды аралап, қажет болса әр жұмысшысынан: «Өз еркіңмен жүрсің бе? Жалақы ресми төлене ме?» - деп сұрайтынын жасырмады. Себебі, құлдыққа түстім деп өкінетіндер – алдымен өзара ауызша келісіп, кейін жанжал туындағанда далада қалатын адамдар.

«Былтыр Александр есімді ақтөбелік мәжбүрлі түрде қайыр сұрап отырған жерінен құтқарылды. Волонтер Орталық базар алдында отырған адамды көріп: «Көмек керек пе?» - деп сұраған. Ол өзін өзге адамдардың аңдып тұрғанын айтқан. Ерікті бір мәрте барып: «Бақылап жүрген адам келгенде ыммен білгі бер», - дейді. Арада уақыт өткенде Александр әйел адамды көрсетеді. «Қорқамын, күнде кешкісін ұрып-соғады» деп көмек сұраған соң еріктілер қол ұшын созуды жөн көреді. Екінші күні еріктілер көлікті жақын қойып, қайыр сұрап отырған Александрды алып кетеді. Бұл іс бойынша тергеу жүріп, мәжбүрлі қайыр сұрауға Шымкентте жүргенде міндеттелгені анықталды. Іс те сонда жіберілді.

Негізі шетелдік азаматтардың төлқұжатын тартып алып, жұмысқа жеккендер ісі сотқа жете бермейді. Жәбірленушілер қорыққанынан ештеңе айта алмайды әрі айыпталушылар «қолында кісен жоқ, телефонмен көмекке шақыра алатын еді. Қашып кетуіне де мүмкіндік болған» деген уәжбен құтылады», - деді «Дәріс-2016» орталығының атқарушы директоры Гүлнұр Едігеева.

Гүлнұр Едігеева
Фото: Г. Едігееваның жеке мұрағатынан

Айтуынша, қазір ол заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін жұмыс тобына кіріп, ұсыныс беріп жатыр. Мәселен, бопсалау дерегі болса, тергеуді прокурорлар да жүргізеді. Ал адам саудасы дерегі болса, қарапайым тергеуші, учаскелік инспектор тергейді.

«Оқиға ауылда болса, істі қала тергеушісіне берген дұрыс. Себебі ауылда адамдар бір-бірін таниды, біледі. Кейбірінде ұрып-соққан адамның өзі бұрын ішкі істер органында жұмыс істеген болып шығуы мүмкін, танысы, туысы болуы ықтимал. 102 нөміріне хабарласып шақырса да сол адам келетінін біледі. Ұсынысымыздың бірі – осы.

Бізге жақын шетелдерден «азаматтарымыз құлдықта отыр» деп хабарлама түседі. Тексеруге өзіміз баруға тырысамыз. Шынымен адам табылады, жұмыс істеп жүргенін білеміз. Шағым, арыз сұрағанда полиция ештеңе тіркемейді.

Батыс Қазақстан облысында бір оқиға болды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына хабар беріп, олар барды. Барған кезде еш шағымы жоқ екенін айтты. Ал туыстары оған күмәнданып, ауылда жұмыста жүргендер Орал қаласына жеткізілді. Телефон арқылы онлайн сөйлесіп, өзін ұрғанын, зәбір көргенін, елге қайтатынын айтқан. Іс қозғалып, үкім де шықты», - деді Гүлнұр Едігеева.

Айта кетейік, «Дәріс-2016» орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек беру, адам саудасын болдырмау, шетелдіктерге ақпараттық және заңгерлік қолдау көрсетумен шұғылданады. Мұнда айына 20-30 қоңырау түсіп, кеңес беріледі. Көбіне КСРО төлқұжатымен жүрген адамдардың құжатын рәсімдеуге көмек көрсетеді. Мұндай адамдар шекаралас ауылдарда көп. Сонымен бірге көмектен бас тартатындар да кезігеді.

«2019 жылы бір оқиға болды. Темір аудандық полиция бөлімінің бастығы хабарласып, белгісіз адамның әйелді 6 жастағы баласымен тастап кеткенін айтты. Біз оны қалаға алдырып, құжаттарын дайындауды бастап кеттік. Сол кезде Шымкентте жасөспірім баласы бар екенін білдік. Оның қамқоршысы бар. Ал жанындағы 6 жастағы баланы өзіне ертіп алған. Құжат рәсімдеудің соңғы сатысына келгенде әйел белгісіз бағытқа кетіп қалды. Арада екі жыл өткенде Инабат атты әйел қайта табылды. Құжат рәсімдеуді қайта бастау үшін «ешқайда кетпеймін» деген қолхат сұрадық. Оны бермеді, қайта кетіп қалды. Құжат жасаса елден шығарылатынын біледі. Бірақ оның баласы бар, тастап кете алмайды. Ал бала «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына қабылданды», - Гүлнұр Едігеева.

Оның айтуынша, өңірдегі 5 мыңнан астам жеке қожалықтағы жұмысшылардың кейбірінде еңбек шарты қарастырылмаған. Бірақ олардың бәрі адам саудасымен айналысады дегенді білдірмейді. Қожалық басшысын да, жұмысшысын да тыңдап, екі тарап ортақ шешімге шақырылады. Бірі талап қояды, екіншісі сұрағанын біледі.

Айта кетсек, орталыққа айына 30 адам хабарласады. Бірақ бәрі де тек адам саудасы, құлдықта ұстауға қатысты емес. Мәселен, кешегі боранда екі автобус адамның (өзге елдің азаматтары) жатын орны мен тамағын ұйымдастырған. Мұндай да жағдайлар болады.

Соңғы жаңалықтар