Құлсарыдағы 8 жасар қыздың өлімі: Күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласында 8 жасар қыздың мәйіті Құрсай өзегінен табылды. Жасөспірімнің өліміне қатысы бар күдікті ұсталып, қамауға алынды.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 8 жасар қыз 5 маусымда үйінен шығып кеткен. Құлсары қаласындағы көше камерасына ер адамның жасөспірімді ертіп бара жатқаны түскен.
– Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Жасөспірімді өлтірді деген күдікпен Құлсары қаласының 36 жастағы тұрғыны жедел ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Кейін сот санкциясымен қамауға алынды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерекке қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.
– Елімізде мұндай ауыр қылмыс үшін ең қатаң жаза қарастырылған. Жасөспірімнің өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барасы Атырау облыстық полиция департаменті бастығының ерекше бақылауына алынды, -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда жоғалып кеткен 8 жасар қыздың мүрдесі Құрсай өзегінен табылғанын жазған болатынбыз.