Құлсарыдағы су тасқынынан кейін апатты жағдайда тұрған 756 үй анықталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласындағы су тасқынынан кейін апатты жағдайда тұрған 756 үй анықталды.

Құлсары
Фото: видеодан алынды

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсарыдағы су тасқынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Ол тұрғындардың ұсыныс-талабын тыңдап, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.

Әкімнің пікірінше, үйі апатты деп танылған тұрғындарға өтемақы нарықтағы құнына сәйкес төленеді. Су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары ақшалай өтемақыны нысаналы мақсаты бойынша – жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсауға тиіс.

«Қазір бірінші кезекте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар бағалау және мүлікті техникалық сараптау қорытындыларымен танысып, ақшалай қаражатты төлеуге өз келісімін беруі тиіс. Төлем екі апта ішінде жүргізіледі», -деді Серік Шәпкенов.

Атырау облысы жедел штабының мәліметінше, кеше, 15 мамырда Құлсары қаласында жылжымайтын мүлікті бағалау және техникалық сараптау қорытындыларын жариялау бойынша мобильді топтардың жұмысы басталды. Жылыой ауданының 100-ден астам тұрғыны бағалау парағын алған. Енді олар екі күн ішінде ақшалай өтемақы алуға өтініш бере алады. Су тасқынынан бүлінген барлық үйді бағалау жұмысын 10 күнде аяқтау жоспарланған.

«Бүгін, 16 мамырға дейін Жылыой ауданында 3613 отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Төленген қаржының жалпы сомасы – 1 млрд 387 млн теңге. Келтірілген материалдық залалға өтемақы төлеу үшін құжаттар дайындалады. Жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізіліп жатыр. Қазір тұрғындардан 2950 өтініш қабылданды. Оның ішінде 2697 өтініш қарауға жіберілді. Құлсарыда 2624 үйге бағалау және 2671 үйге техникалық тексеру жүргізілді. Апатты жағдайда тұрған 756 үй анықталды», -деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Еске сала кетелік, бұған дейінҚұлсары тұрғындары алдағы 2-3 күнде өтемақы алу үшін әкімдікке жүгіне алатынын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар