Құлсарыдағы жарылыс: Полиция әлі күнге дейін тергеу жүргізіп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Іс Қылмыстық кодекстің «Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша қозғалған. Күдікті қамауда.

Kazinform тілшісі ІІМ-нен Атырау облысы Құлсары қаласындағы жанар-жағармай бекетінде болған жарысқа қатысты сауал жолдаған еді. ІІМ тергеу жұмысы жалғасып жатқанын айтты.
— Атырау облысындағы автожанармай бекетінде болған өрт оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 281-бабы 3-бөлімі негізінде қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды. Күдікті қамауға алынды. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жариялауға жатпайды, — деп хабарлады ІІМ-нің баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодекстің «Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы 3-бөлімінде белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салсақ, биыл 30-мамырда Құлсарыда газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапты.Сол күні Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы «Ниет» жанар-жағар май құю бекетіндегі өрт пен жарылысқа қатысты жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді.
Өрттен зардап шеккен 14 адам шұғыл түрде Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Жарылыстан соң қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Кейін газ таситын көліктен жанар-жағар май бекетіндегі резервуарға газ құю кезінде жарылыс болғаны анықталды.