Құлсарылық 58 жастағы әйелді аман алып қалдық - Бейнеулік хирург

АҚТАУ. KAZINFORM – Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні мерекесі. Қазақстанда 2024 жылы болған су тасқыны кезінде талай отбасыларға қол ұшын созған медицина қызметкерлерінің де еңбегі зор. Осы орайда, біз қиын-қыстау кезеңде жаралыларға қызмет көрсеткен «Бейнеу көпбейінді орталық аураханасы» ШЖҚ МКҚ хирург дәрігері Нұрболат Сүлейменовпен әңгімелескен болатынбыз.

ота
Фото: Kazinform

— Нұрболат мырза, су тасқыны кезінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

— Апат айтып келмейтіні бәрімізге мәлім. Біздің жұмысымыз үнемі оперативтілікті талап етеді. Осындай күрделі шақта жедел көмек көрсету дағдымыздың арқасында ауыр науқастарды бірден жедел ота жасауға алдық. Оның барлығы да сәтті аяқталып шықты. Құлсары қаласында су тасқыны орын алып, төтенше жағдай жарияланған кезде көршілес Бейнеу ауданы халқы гуманитарлық көмек қолын созуды бастап кеткен еді. Бейнеу ауданы азаматтары өзара топ құрып, алғашқы күні-ақ Құлсары қаласына аттанды. Сол топтың құрамында мен де бар едім. ТЖМ жедел штатына барып, жоспар құрып, суға кетуі мүмкін ауылдарды есептеп, аурухана ішіндегі пациенттерді көршілес Бейнеу ауданына көшіретіні жарияланған болатын. Сол кезде мен дереу жұмыс орнына оралдым. Бейнеу ауданы деңгейінде штаттық режим құрылып, Құлсары қаласы түрғындарына орындар дайындалып, ауруханадан пациенттерге жататын палаталар берілді. Ең алғаш болып 58 жастағы пациент сол жақ аналық без гиганттық кистасы бұралуы диагнозымен келіп, дереу ота жасалып, аман қалды.

ота
Фото: Kazinform

— Осы тұста төтенше жағдайларда халыққа көмек көрсетудің ерекшеліктері қандай?

— Төтенше жағдай кезінде халыққа қызмет көрсетуіміздің өзі мұқтаж жандардың алдындағы жауапкершілігімізді одан әрі арттырады. Төтенше жағдайды айтатын болсақ, аудан халқы көмек қолын созуға әрдайым дайын болды. Оның бірден-бір себебі 2020 жылы болған бүкіл әлемдік пандемия кезінде аудан халқы төтенше жағдай қалай жүретінін және қолынан келгенше көмек бере алатынына нық сенімді еді. Төтенше жағдай кезінде штаб құрылады. Медицина саласында болсын, әкімшілктен болсын штаб құрылады. Су болса судың бағыты, қай жақты қоршау керек немесе пандемия болса қалай індетту тоқтату керек деген сияқты жұмыстар пысықталды.

ота
Фото: Kazinform

— Қоғамдық көмек пен қолдау қалай болды? Жергілікті халық қандай көмек көрсетті?

— Айта кеткенімдей Бейнеу халықының ауызбіршілігі жақсы, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», қолдарынан келгенше көмек берді. Кешкілік үйге келіп, фейсбук әлеуметтік желісін ашқанымда, ауданымызда Ақанберді деген ағамыз, Құлсары қаласына гуманитарлық көмек берейік деп жазған екен. Қолыма 100 қапшық, 5 күрегімді алып, айтылған жерге бардым. Сол оқиғаның куәсі болдым. Құлсарыға көмек қолын созамын деп жиналған халық саны көп болды. Бірі үйінен жай берсе, бірі автокөлігімен Құлсары халқын тегін эвакуациялауға көмектесіп жатты. Бірі ақшалай көмектессе, бірі жататын төсек орны мен тамақ жағынан көмектесті. Аудандық әкімшілік осы кезде халық бастамасын қолдап, мектептер мен қонақ үйлерді босатып, жататын кермелерді беріп жәрдемдесті.

ота
Фото: Kazinform

— Осындай жағдайлардан кейін сіздің көзқарасыңызда қандай өзгерістер болды?
— Әр адамның жүрегінде «Әр қазағым - жалғызым» деген ұран болуы керек. Төтенше жағдай кезінде қандайда жағдай болмасын, көмек қолын созуға әрдайым дайын болу керек екенін түсіндім. Көмекке мұқтаж адам саны көп болуына байланысты, міндеттерді бөлу керек екендігін түсіндім. Бірі үймен, бірі көлікпен, бірі тамақпен көмектессе, біздің міндет медициналық көмек болды.
— Ең күрделі және маңызды операцияңыз туралы айтып берсеңіз...
— «Ең жеңіл ота — аппендэктомия, ең ауыр ота — аппендэктомия» демекші, диагноздары бірдей болғанымен, әр адамның өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Бір отаны 13 минутта сәтті аяқтасам, кейде сондай отаны 4 сағат жасаған кездерім де болды. Айта кетсем, 7 жасар бала «Жедел аппендицит. Іріңі жайылған перитонит. Септикалық шок» диагнозымен түскен еді. Жедел «Лапаротомия. Ревизия. Аппендэктомия. Илеостома. Кіші жамбас астауын және оң жақ бүйір каналын дренирлеу» отасы сәтті жасалып, бала аман қалды. Аурухана облыс орталығынан 500 км шалғай орналасуына байланысты, нейрохирургиялық, травматологиялық, хирургиялық, гинекологиялық, жедел сырқаттанап түскен пациенттерді көрсеткіштеріне байланысты ота залына алуға тура келеді. «Бас миы жабық жарақаты. Бас сүйегі сынуы. Бас миы ісінуі. Бас миына қан кетуімен асқынған» пациенттерге жедел трепанация жасалып, аман қалған пациенттерде аз емес. Ең қиын да күрделі операциялар деп тәжірибемнен осыларды айта алатын едім.

Кәсіби тұрғыда қандай жетістіктерге жетуді қалайсыз?

— Кәсіби тұрғыда Түркия елінде білімімді жетілдіріп келдім. Ақтау қаласы Бейнеу ауданында да хирургия бөлімінде Мәскеуден келген профессор Соколов келіп, эндовидео хирургия туралы мастер класс өткізген. Соған байланысты ендігі мақсат — Еуропа. Бұйыртса 1-2 жылда барып оқып келу жоспарда бар. Ол үшін ағылшын тілін үйреніп жатырмын.

                                                                                                                                                                                                                                     Камила Мүлік

Соңғы жаңалықтар