«Күміс университет»: Ақтөбеде 50 жастан асқан азаматтарға арналған оқу маусымы басталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Күміс университет» жобасының кезекті оқу маусымы басталды.

қария
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, жоба 50 жастан асқан азаматтарға арналған және өмір бойы білім алу принципін жүзеге асыруға бағытталған.

2026 жылы «Күміс университет» жобасына 50 жастан асқан 120 тыңдаушы тіркелді. Қатысушылардың орташа жасы – 66 жас, ал жоба аясындағы ең ересек тыңдаушы 79 жаста. Бұл көрсеткіштер жобаның қоғам тарапынан жоғары сұранысқа ие екенін және егде жастағы азаматтардың білім алуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын айқындайды.

халық
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

2021 жылы «Өмір бойы оқу» тұжырымдамасы аясында іске қосылған «Күміс университет» – әлеуметтік маңызы жоғары әрі табысты жүзеге асырылып келе жатқан бірегей жоба. Жобаның негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне заманауи білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру, олардың жеке дамуын қолдау және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.

Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

2026 жылғы оқу маусымында тыңдаушылар үшін қазақ тілі, ағылшын тілі, цифрлық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, құқықтық сауаттылық, тоғызқұмалақ, тігін, ресурстық қолдау және үйлесімділік, шығыс биі сияқты 9 бағыт бойынша курстар ұйымдастырылады.

Оқу процесі 3 айға жуық көлемде өткізіліп, теориялық және практикалық сабақтарды, шеберлік сыныптарын, тренингтер мен интерактивті іс-шараларды қамтиды. Курстарды Жұбанов университетінің тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы жүргізеді.

зейнет
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Курс соңында барлық тыңдаушыға арнайы сертификат табысталады.

2021 жылдан бері Жұбанов университеті базасында 350-ден астам ересек азамат тіл, цифрлық сауаттылық, спорт және шығармашылық бағыттар бойынша білім алып, өз біліктілігін арттырды.

Айта кетейік, былтыр 1700-ден астам медицина қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Соңғы жаңалықтар