Құнанбайды қатыгез кейіпкер деп ойладым – «Абай оқулары» жүлдегерімен сұхбат

 АСТАНА. KAZINFORM – Бірер күн бұрын 8–11 сынып оқушылары арасында өткен XXVI республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауы өз мәресіне жеткен еді. Сайыстың жүлдегері мен ұйымдастырушысы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, байқау туралы ой-пікірін айтты.

Абай Құнанбайұлы шығармасы
Фото: видеодан алынған скрин/Jibek Joly телеарнасы

– 26-шы рет ұйымдастырылып жатқан «Абай оқулары» байқауы биыл халықаралық деңгейде алғаш рет өтіп отыр. Байқаудың деңгейі өте жоғары болды. Халықаралық деңгейде болғаннан кейін біздің елімізден ғана емес, шекаралас мемлекеттердің де кіл жүйріктері бақ сынап, бәсекелестік өте мықты деңгейде болды. Осы сайыстан қола жүлдегер атану мен үшін үлкен мәртебе. Барлығы сәтті өтті деген ойдамын, – деді «Абай оқулары» республикалық байқауының ІІІ орын иегері Айғаным Махсұтқанова.

Семейлік қатысушы «Сөз өнеріндегі Ұлы Абай» номинациясы бойынша додаға түскен.

– Мен «Сөз өнеріндегі Ұлы Абай» номинациясы бойынша жүлдегер атандым. Бұл сайыста Хакім Абайға арналған шығармалар бойынша сұрақтар қойылады. Ал сен сол сұраққа мүдірмей жауап беруің керек. Ол жерде бекітілген 3 кітап бар. Олар Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы, Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасы және Кәмен Оразалиннің «Абайдан соң» романы. Одан бөлек Абай туралы қосымша кітаптар оқуға болады. Оны қазылар алқасы ескеріп, сол бойынша да сұрақтар қойып қалуы мүмкін. Мен өз бағамды лайық деп санаймын. Себебі бұл жарыс халықаралық деңгейде өткеннен кейін тартысты бәсеке болды. Бұл додада бәрі әділ өтті. Мен өз жүлдеме қанағаттанамын. І, ІІ орын алған сайыскерлермен қарсылас секілді емес, жақсы тіл табысып кеттік. Олар шынымен де оза шапқан, нағыз жүйріктің де жүйрігі болды, – дейді 10-сынып оқушысы.

Байқау жүлдегері бала кезінен Абайды танып өскенін айтады. Студия қонағының сөзінше, бұл да додада оза шабуға өз септігін тигізген.

– Өзім Семей қаласының тумасы болғандықтан, Абайды кеңінен тануға мүмкіндік болды. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап Абайтанушылармен сұхбаттасып, тығыз байланыста болғаннан кейін мен де көзімді Абай деп аштым. Абай жолын алғаш рет 9-сыныпта оқыдым. Кейін осы байқау үшін тағы да қайталап оқыдым. Бұл байқауға 1 жыл шамасында дайындалдым, – дейді студия қонағы.

«Абай жолы» романын 2 рет оқып шыққан Айғаным өзінің екі түрлі әсер алғанын айтады.

– Абай жолын араға 1 жыл ғана салып қайта оқысам да, менің көзқарасым мен қабылдауым мүлде басқаша болды. Екінші рет оқығанымда «Мен сонда бұрын не оқығанмын?» деген сұрақ ойыма келді. Меніңше, «Абай жолы» – өзіңді тануға керемет мүмкіндік. Мысалы, мен 9-сыныпта оқығанда Құнанбайды өте қатыгез кейіпкер ретінде көрген едім. Ал 10-сыныпқа өткен кезде Мұхтар Әуезовтың цензураға байланысты Құнанбайдың портретін бұрмалағанын түсіндім. Дегенмен ол цензураға қарамастан, артынан Құнанбайдың негізі жақсы кейіпкер екенін түсіндіретін сөйлемдерді жазып кеткен. Бұл – Мұхтар Әуезовтің шеберлігі деп білемін, – дейді Айғаным Махсұтқанова.

Ал студияға қонақ болған «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бас маманы биылғы байқаудың әдеттегіден ерекше екенін жеткізді.

Жалпы «Абай оқулары» аудандық, облыстық, республикалық деңгейде 3 кезеңде өткізіледі. Биыл облыстық кезеңге 1311 оқушы қатысты. Ал республикалық кезеңге, қателеспесем, 122 бала келді. Оның ішінде 39-ы ауыл мектептерінде білім алатындар. Оған қоса Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінен және Моңғолиядағы қазақ диаспорасынан 20 оқушы қатысты. «Абай оқулары» 5 номинация бойынша өткізіледі. Олар:

* «Әнді сүйсең менше сүй»

* «Сөз өнеріндегі ұлы Абайдың бейнесі»

* «Абайдың асыл мұрасы»

* «Абайдың ақын шәкірттері»

* «Әркімнің-ақ өлеңге бар таласы»

Абай оқулары
Фото: видеодан алынған скрин/Jibek Joly телеарнасы

– Негізінде бұл байқау жыл сайын тек республикалық деңгейде өткізілетін. Биыл Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды, – дейді Мәдина Бидәулетова.

Айта кетейік, осыдан 2 күн бұрын 65 оқушы «Абай оқулары» республикалық байқауының жүлдегері атанған еді.

Соңғы жаңалықтар