Күнбағыс тұқымына экспорттық кедендік баж салығы қашан жойылады
Күнбағыс тұқымына экспорттық квота беру мәселесі әлі шешілген жоқ. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Күнбағыс тұқымының экспортын шектеу әлемдік нарықтарда осы өнімге деген сұраныстың күрт өсуіне байланысты экспорт көлемі артып, отандық қайта өңдеушілер қол жетімді шикізатсыз қалуын болдырмау мақсатында енгізілген. Экспорттың кедендік баж мөлшерлемесі 20 пайызды немесе тоннасына 100 евроны құрайды. Аталған шара отандық сұйық май өндірісін арттыруға, оның бағасын тұрақтандыруға, сондай-ақ, сұйық май экспортын асыруға мүмкіндік берді», - делінген министрліктің агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Ведомствоның атап өтуінше, жаңа егін жиналғанша күнбағыс тұқымының өңделмей қалған өтпелі қалдығы болжамдалған жағдайды оған экспорттық квота беру жоспарланған. Бұл мәселе бірнеше рет тиісті ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылған.
«Алайда қалдықтардың көлемі бойынша статистика органдары мен қайта өңдеушілердің мәліметтері арасында қайшылықтар болғандықтан квота бөлу мәселесі шешілген жоқ. Қазіргі кезде күнбағыс тұқымын жинау науқаны әлі жүріп жатыр. Алайда үстіміздегі жылдың ауа райының қолайсыздығына байланысты күнбағыс тұқымының жиыны жылдағыдан елеулі аз болуы күтілуде. Сондықтан, қайта өңдеу көлемдерін биылғы деңгейде сақтап қалу мақсатында квота бөлу мәселесі және эспорттық кедендік бажды алып тастау мәселесі жинау жұмыстары аяқталған соң мұқият зерделенетін болады», - деді министрліктен.
Қазақстандық күнбағыс пен рапс өнімінің көлемі, экспорт және импорт туралы мына жерден оқи аласыз.