«Күнделік» электрондық жүйесінде балаларға жат жарнама тараған – Оқу-ағарту вице-министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігіне ата-аналардан «Күнделік» электрондық журналында жарнамалық контентке қатысты көптеген шағым түскен. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова мәлім етті.
«Барлық білім беру технологиялары мен EdTech саласындағы жүйелер, соның ішінде «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс жүргізеді. Алайда, бұрын министрлік атына ата-аналар қауымдастығынан «Күнделік»-тегі жарнамалық контентке қатысты көптеген шағымдар келіп түскен болатын. Бұл контент оқушылардың жас ерекшеліктері мен психо-эмоционалдық жағдайларына сәйкес келмеген. Сонымен қатар, «Күнделік» тарапынан міндеттемелердің орындалмау жағдайлары орын алды, бұл мәселе жүйе әзірлеушілерімен бірнеше рет талқыланды. Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру қажеттілігіне назар аударып, келісім жүргізілді», - деп жазды Арай Уразова желідегі жеке парақшасында.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, бүгінде барлық интернет-ресурстар арқылы «Күнделік» жүйесіне қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда.
Оның айтуынша, ақпараттық жүйелер саласындағы барлық өзгерістер мен жаңалықтар заң талаптарын сақтай отырып және білім беру үдерісіне барлық қатысушылардың мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылады.
«Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға қарасты мектептер EdTech саласындағы білім беру технологиялары мен жүйелерін өз бетінше таңдау құқығына ие екенін атап өткен жөн. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) хабарламасына байланысты, министрлік барлық қажетті міндеттемелерді уақтылы орындап, толық көлемде түсіндірді. Қазіргі уақытта жағдай реттелді. Министрлік өз тарапынан оқушылар, педагогтар және ата-аналар мүддесі үшін білім беру ұйымдарын сапалы әрі қауіпсіз цифрлық құралдармен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады», - дейді ол.
Еске сала кетсек, «Күнделік» электрондық жүйесі айналасындағы дау былтыр басталған еді. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров 4 миллион оқушының жеке мәліметі шетелдік компанияға берілгенін мәлім етті.
Биыл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Kundelik.kz ресурсының қауіпсіздік деңгейі туралы пікір білдірді.