Онлайн-казино ойынын ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Күдіктілер 2022-2024 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, «bingo37.pro» платформасы арқылы заңсыз ойын бизнесін басқарған.

Онлайн-казино ойынын ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды
Фото: Pexels

Қатысушылардан ақшалай бәсті операторлар банктік аударым арқылы қабылдаған, содан кейін оларды платформаға тіркеп, ойынға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме ұсынған.

- Қылмыстан түскен табысты заңдастыру мақсатында күдіктілер дроптарды — көлденең адамдарды тартып, олардың атына банк карталарын рәсімдеген. Ақшаның қылмыстық ізін жасыру мақсатында осы карталар арқылы олар қомақты ақша сомаларын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған, - делінген ҚМА хабарламасында. 

Заңсыз онлайн-казиноның қызметінен күн сайын 150 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін ақша түсіп отырған.

Топтың жалпы қылмыстық табысы 306 миллион теңгеден асқан.

Қаржылық тергеу барысында күдіктілер заңсыз алынған ақшаға жалпы құны 66 миллион теңге болатын «Toyota Land Cruiser» және «Lexus EC 250» маркалы екі автокөлік алғаны анықталды.

Осы көліктерді тәркілеу мүмкіндігінен жасыру мақсатында сенімді адамдардың атына рәсімдеген.

Сот  санкциясы бойынша аталған автокөліктерге тыйым салынды.

Ұйымдастырушыларға қатысты сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

ҚПК 201-бабы бойынша тергеу мүддесі үшін басқа ақпараттың таратылуына тыйым салынған.

Еске салсақ үш облыста тек шетелдіктерге арналған казинолар ашылатынын жазған едік

 

Соңғы жаңалықтар