Күніне Солтүстік Аралға қанша су бағытталып жатыр – министр жауабы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазіргі уақытта Шардарада 2,7 млрд текше метр су бар. Бұл туралы Ташкентке жұмыс сапарымен келіп, Kazinform тілшісінің сауалына жауап берген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.

- Бүгінгі күні Шардарада 2 млрд 700 млн текше метр су бар. Сырдария бойынша оған секундына 150-200 текше метр су келуде. Оның ішінде секундына 15 текше метр су Солтүстік Аралға бағытталып жатыр. Жоспарға сәйкес, вегетация кезеңінде оған 997 млн текше метр су жіберуіміз керек. Жұмыстар кестеге сай орындалуда, - деді Нұржан Нұржігітов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Министр Шардарадан Өзбекстандағы Айдар-Арнасай көлдер жүйесіне су жіберу жұмысы да келісім шеңберінде іске асып жатқанын айтты.
- Судың көлемін белгілеу желтоқсан айында жүргізіледі. Сол кезде бізге Өзбекстаннан сұраныс түседі. Былтыр желтоқсанда кездесіп, көлемді бекіттік. Тиісінше, биыл қаңтардан бастап Арнасайға 1 млрд 800 млн текше метр су жібердік. Ал келесі жылығы келісім туралы әлі әңгіме қозғалған жоқ. Өйткені, оған әлі ерте, - деп тоқталды Нұржан Нұржігітов.
Еске салайық, қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасында су бөлу келісімінің жаңа жобасын әзірлеу бойынша келіссөз жүріп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына 16 млрд текше метр су түсуі тиіс.
Мұнымен бірге Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзенінің бойына су есептейтін құрылғылар орнатуға ниетті екенін жазып едік. Министр Нұржан Нұржігітов атап өткендей, бұл жұмыс биыл аяқталуы қажет.