Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бойына су есептейтін құрылғылар орнатуды биыл аяқтайды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Сырдария бойына су есептейтін құрылғыларды орнатумен айналысатын шетелдік компания бүгінде тендер өткізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бойына су есептейтін құрылғылар орнатуды биыл аяқтайды
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Өзбекстан астанасында өткен екіжақты кездесуден соң Kazinform тілшісінің сауалына жауап берген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов құрылғыларды орнату жұмысы қалай жүріп жатқанын айтты.

- Біз былтыр Сырдария бойына судың көлемін анықтайтын арнайы 10 құрылғыны орнатуға уағдаласқан едік. Жабдықтарды ұсынып, оны орнатумен немістің GIZ компаниясы айналысады. Бұл кәсіпорын әзірге тендер жұмыстарын жүргізіп жатыр. 15 ақпанда оның қорытындысы шығуы тиіс. Су есептейтін құрылғыларды орнатуды биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді министр.

Спикердің сөзінше, Қазақстанда – 5, Өзбекстан аумағында тағы 5 су есептейтін құрылғы орнатылады.

- Осының нәтижесінде Сырдария өзеніндегі судың көлемі туралы мәліметтерді автоматты түрде алып отырамыз. Қазіргі таңда Өзбекстан есептеу құрылғыларын тәжік тарапымен де бірлесіп орнатуға кірісті. Осы орайда, олардан алынатын ақпараттарды да біздің жүйемен интеграциялауға келістік, - деп түсіндірді Н.Нұржігітов.

Нақтылай кетейік, аталған құрылғыларды орнатуға Қазақстан мен Өзбекстан қаражат бөлмейді. Бұл қызметті GIZ компаниясы өзара әріптестік негізде тегін көрсетпек.

Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жобасын әзірлеп жатыр.

Сонымен қоса, қазіргі уақытқа дейін Шардара қоймасына 4,5 млрд текше метр су жиналды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 1,87 млрд текше метрге артық. Нұржан Нұржігітов су мәселесіне қатысты пікір білдіре отырып, «Жағдай былтырғыдан жаман болмайды», деп сендірді.

Соңғы жаңалықтар