Жағдай былтырғыдан жаман болмайды – министр су мәселесі жайлы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазіргі уақытта Шардараға су жинау жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бұл туралы Ташкентте Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездесуден кейін Kazinform тілшісінің сауалына жауап берген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.
- Қазіргі уақытқа дейін Шардара қоймасына 4,5 млрд текше метр су жиналды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 1,87 млрд текше метрге артық. Тиісінше, Қызылордадағы көлшіктерге 800 млн, Солтүстік Аралға 900 млн текше метрден астам су жіберілді, - деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, ведомство басшысы су мәселесіне қатысты 2025 жылға қандай болжам жасалғанын мәлім етті.
- Біз кейінгі 4 айда атқарылған жұмыстарға талдау жасадық. Нәтиже жақсы. Биыл да жағдай былтырғыдан жаман болмайды, - деп түйіндеді Н.Нұржігітов
Еске салайық, биыл 29 қантарда Душанбе қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 88-ші отырысы өтті. Оның барысында жасалған келісім нәтижесінде Қазақстан көршілес елдерден көктемде 11 млрд текше метр су алатын болды.
Сондай-ақ, қазір Қазақстан мен Өзбекстан су бөлу келісімінің жобасын әзірлеп жатқанын жазып едік.