Құпия қызмет агенті Трамптың сапарында жұбайын жасырын ұшаққа отырғызбақ болды

ВАШИНГТОН. KAZINFORM – АҚШ-тың Құпия қызметі өз қызметкерлерінің біріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың Шотландияға сапары кезінде жұбайын қызметтік ұшаққа отырғызуға тырысқан. Бұл туралы британдық The Daily Mail газеті хабарлады, деп жазады ТАСС.

Құпия қызмет агенті Трамптың сапарында жұбайын жасырын ұшаққа отырғызбақ болды
Фото: Oxu.az

Басылымның мәліметінше, агенттің әйелі Вашингтон маңындағы Эндрюс әскери базасындағы жоғары лауазымды тұлғаларға арналған залда байқалған. Бұл – әдетте президенттің арнайы борты ұшатын база. Сонымен қатар, әйел Құпия қызметтің алдағы сапарға арналған арнайы брифингіне қатысқаны анықталған.

Өз кезегінде The Herald газеті агенттің жұбайын Құпия қызмет қызметкерлері мен құрал-жабдықтарды тасымалдауға арналған ұшаққа отырғызуға тырысқанын жазды. Басылым әйелдің АҚШ Әуе күштерінде қызмет ететінін де атап өткен. Алайда, ұшар сәттің алдында оны ұшаққа кіргізбей қойған.

АҚШ президентінің Шотландияға сапары 25-29 шілде аралығында өтті. Сейсенбі күні, Абердиннен Вашингтонға ұшып бара жатқанда, журналистер Трамптан аталған оқиғаға қатысты пікір сұрады.

– Қызық жағдай екен. … Бұл сәл қауіпті емес пе? … Мен бұл туралы екі минут бұрын ғана естідім. Меніңше, Құпия қызметтің жетекшісі Шон (Карран) бұл мәселемен айналысады, – деді АҚШ президенті.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары қайта іске қосылатын болса, оларды «саусағын көтеріп үлгергенше жойып жіберемін» деп сес көрсеткенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар