Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады — ҚМДБ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы биыл елімізде Құрбан айт мерекесі қай күні басталатынын айтты.

— Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар алыс та жақын мұсылман елдердің ғұламаларымен, пәтуә шығару орталықтарымен кеңесіп, осындай пәтуә қабылдады, — деді Бас мүфти ҚМДБ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол бұл мерекенің қазақ халқының дәстүрінде орны бөлек екенін атап өтті.
— Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың семізін, жарамдысы мен ең жақсысын құрбандыққа шалып, етін тұрмысы төмен адамдарға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлыққа кәде беру секілді амалдар дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМБД мәліметінше, Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санауы ай фазасының өзгеруіне негізделген. Жаңа айдың көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.
Зулхижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер күн бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады.
Осы негізде 2025 жылы 27 мамырда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 28 мамырда басталып, арапа 5 маусымға, ал құрбан айт 6 маусымға сай келеді.
Айта кетелік Құрбан айтта қазақстандықтар қанша күн демалатыны туралы жазған едік.