Күрес түрлерінен рейтингілік турнирлерге қазақстандық балуандар қалай іріктеледі

спорт
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Күрес түрлерінен Азия чемпионаты мен алдағы рейтингілік турнирлерге қатысатын балуандар ел біріншілігінде анықталады. Ел чемпионаты 1-6 ақпан аралығында Астана қаласында болады.

Қазір күрес түрлерінен ел құрамасы еншісінде 2024 жылғы Париж Олимпиадасына 2 жолдама бар.

Оның біріне еркін күрестен Азамат Дәулетбеков ((86 келі) қол жеткізсе, тағы біреуі грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсыновтың (87 келі) еншісіне бұйырды.

Ендігі кезекте күрес түрлерінен қазақстандық балуандар екі іріктеу турниріне қатысады.

Оның алғашқысы — 19-21 сәуір күндерінде Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында құрлықтық іріктеу турнирі болады. Оған еліміздің атынан бес балуан қатыса алады.

«Айта кетсек, Олимпада бағдарламасына алты салмақ енгізілген. Ал Азия аймақтық іріктеу турниріне еліміздің атынан әйелдер күресінде алты, еркін және грек-рим күрестерінен бес балуан барады. Оған баратын балуандар Қазақстан біріншілігі мен одан кейінгі жарыстарда іріктеледі», — деді Қазақстан күрес түрлері федерациясының баспасөз хатшысы Аспандияр Есенжолов Kazinform тілшісіне.

Сондай-ақ, қазақстандық балуандардың Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін әлемдік іріктеу турнирінде жолдаманы иеленуге мүмкіндігі бар.

Еске алсақ, бұдан бұрын Астана қаласында өтетін күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының ойын күнтізбесі жарияланды.

Ұлттық біріншілікке еліміздің 17 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген балуандар өзара мықтыны анықтайды. 

Соңғы жаңалықтар