Күрестен Қазақстан чемпионы: Өзіме жеңіс сыйлайтын екі әдісім бар

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік палуан Мейрамбек Қартбай қазір дайындықты күшейтті. Ол Әлем чемпионаты алдында өтетін іріктеуге қатысады. Палуан ҚазАқпарат тілшісіне спорттағы жетістіктері мен алға қойған мақсат, арманын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

- Сіздің есіміңізді алғаш рет Олимпиаданың қола жүлдегері Нұрислам Санаевтың жаттықтырушысы Бауыржан Нұрмахановтан естідім. Бапкер болашағынан мол үміт күттіретін палуан деп айтты. Жалпы спортқа қалай келдіңіз?

- Туған жерім Темір ауданы. Ал күрес үйірмесіне алғаш рет 2009 жылы бардым. Ол кезде Мұғалжар ауданы, Ембі қаласындағы №4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне барып, жаттығуды бастадым. Туған ағама еріп үйірмеген қатысқан едім. Ол футболда жақсы көрді. Шыны керек, бала кезде жан қинамай, спорттың да жеңілін таңдаймын деп ойлаушы едім. Алғашқы жаттықтырушым – Ғизат Түсіпбай. Жанынан қалдырмай ертіп жүрді, маған үміт артты. Кейін спортқа қызығушылығым оянды.

- Алғашқы жеңісіңіз есіңізде ме?

- Бәрі есімде. Ол кезде Ембі қаласында турнир болды. 42 келі салмақта боз кілемге шықтым. Алғашқы сайыс болған соң жаттықтырушым «жарысқа қатысып көр, сайысты сезін, орын алу міндетті емес» деп айтқанымен, мен тек жеңіске жету мақсатында күрестім. Жеңіске жеттім. Өзіме үшін ыңғайлы, сәтті шығатын, жеңіс сыйлайтын екі әдісім бар. Боз кілемде реті келсе, бастаған істі соңына дейін жеткізуге күш саламы. Ол кезде арнайы спорттық киіміміз болмады. Шұлықпен бозкілемде жүрген едік. Сол медалім әлі де үйде.

- Содан соң...

- Кейін 8 сыныпта, яғни, 2012 жылы Есет батыр атындағы мектеп-интернатқа түсіп, Медет Атабаевтың қоластында жаттықтым. Ал 2016 жылы Алматы облысындағы республикалық спорт колледжіне оқуға түстім. Үш жыл тәлім алып, 2019 жылы облысқа қайта оралдым. Қазір Жекпе-жек спорт кешенінде жаттығу жасап жүрмін. Жаттықтырушыларым – Шоқан және Дархан Ділмағамбетовтар. Енді Әлем чемпионаты алдында өтетін іріктеуге қатысамын. Менің қарсыласым петропаволдық Дәурет Теміржанов.

- Қателеспесем 57 келі салмақта күресесіз... Қай уақыттан бері осы салмақта жарыстарға қатысап жүрсіз?

- Мен осы салмақта 2016 жылдан бастап күресіп жүрмін. Алдымен жастар арасында, 2019 жылдан бастап ересектер арасындағы жарыстарға қатыстым.

- Жетістіктеріңіз?

- 2018 жылы спорт шебері атандым. Ал 2019 жылы ересектер арасындағы спартакиадаға қатыстым. Жарыс Шымкент қаласында өтті. Онда бірінші орын алдым. 2020 жылы Өскемен қаласында Қазақстан чемпионатына қатысып, бірінші орынды иелендім. 2021жылы да ел біріншілігіне қатысып, 57 келі салмақта чемпион атандым.

- Әлем чемпионатына іріктеу деп айттыңыз... Дайындық қалай?

- Аптасына алты күн жаттығу болады. Жексенбі демалыс. Күн сайын сағат 11:00-де стадионға келемін. Дүйсенбіде уақытқа жүгіреміз. Алғашқы 10 секунд тез, 20 секунд баяу әдісімен 10 минут бойы жүгіреміз. Келесі күні он айналымды тоқтамай жүгіреміз. Сәрсенбіде 15 айналымды бағындырамын. Сенбіде жүгірдім, аяққа күш түсті. Кейін 100 рет турникке тартылдым, 200 рет кеудені жерден көтердім.

- Жаттықтырушы күн сайын жаныңызды бола ма?

- Иә, міндетті түрде бақылайды. Сенеді, дегенмен пендеміз, жалқаулық басып кетуі мүмкін. Жүгіргенде де аяқ алысымызға қарап отырады.

- Бар уақытыңызды спортқа арнадыңыз ба?

- Иә, жұмыс істемеймін, тек жарыстарға дайындалып, шеберлігімді шыңдап жүрмін.

- Табысыңыз бар ма?

- Стипендия аламын, екі ай бұрын ғана баспана берді. Оған дейін тума-туыстың үйінде, жаттықтырушы қамқорлығында болдым.

- Спортшының тамақтануы қадағалана ма?

- Біздің ас мәзірімізде еш айырмашылық жоқ. Тек таңертең таңғы асымды өзім дайындаймын. Өзге уақытта дәмханаға барамын.

- Тақырыпты қайтадан спортқа қарай бұрсам... Шыны керек, біз Олимпиадада боксты, өзге уақытта футболды көп қараймыз. Токио Олимпиадасында ғана теннис, каратэге де назар аудара бастағандаймыз. Көрермен ретінде айтып отырмын. Ал өзге саланы таңдаған спортшылар не сезінеді?

- Шоу бар жерде көрермен де көп. Шынына келгенде ең қиыны күрес әрі қазақтың, нағыз батырлардың спорты деп айтар едім. Футболды көпшілік көреді, эмоция көп. Ережесіз жекпе-жек де соңғы уақытта сәнге айналды. Ал күрес 1938 жылдан бастап спартакиада бағдарламасына енді. Содан бері қалмай, дамып келеді.

- Алға қойған мақсат, арманыңыз?

- Спортшы үшін ел туын көтеріп, әнұранын қосыла шырқау ең үлкен бақыт. Әлем чемпионатында, Олимпиадада топ жарып, көк байрағымызды биікке көтеріп, жеңіс тұрғынынан көрінсем деп армандаймын. Осы жолда аянбай тер көгу, мақсатты жаттығу, арманға қол жеткізу... Менің алдымдағы бар жоспар осы.

- Жеңіс тілеймін!



Соңғы жаңалықтар