Құрылыс кодексі жобасының айналасында қандай сын мен шағым бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бір жылға жуық уақыт бұрын Мәжіліске кіргізілген Құрылыс кодексінің жобасы қоғамда әлі де қызу талқыланып жатыр. Осы орайда Kazinform тілшісі заң жобасын әзірлеген Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына сауал жолдап, сарапшылар мен депутаттар тарапынан айтылған сынға жауап алды.


ҚазҚСҒЗЖИ мәліметіне сәйкес, Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу процесі 2022 жылы қыркүйекте басталып, 2023 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасқан. Ал жұмыс тобының құрамына құрылыстағы нормалау орталығының 130-дан астам маманы жұмылдырылған.
Сөйтіп кодекс жобасы биыл ақпан айында Мәжіліс депутаттарының назарына ұсынылды.
Бұл жиын барысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек аталған құжаттағы нормаларды сынға алды. Ол жаңа Құрылыс кодексінің жобасында барлық ұсыныс ескерілмегенін, шын мәнінде ондағы нормалар бұрынғы заңнамадан көшірілгенін айтты.
Аталған сын бойынша Kazinform сауалында берген жауабында институт өкілі жаңа заң жобасында бөлім, тарау және баптар саны көбейгенін атап өтті.
— Қазіргі қолданыстағы «Қазақстандағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңы 3 бөлімнен, 13 тараудан және 103 баптан құралған болса, Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан Құрылыс кодексінің жобасы 8 бөлімнен, 34 тараудан және 205 баптан тұрады, — дейді ҚазҚСҒЗЖИ жобалау бөлімінің басшысы Нұрдәулет Егізеков.

Сондай-ақ оның айтуынша, шетелдік тәжірибе ескеріле отырып, кодекс жобасында құрылысты реттеудің мынадай жаңа нысандары көзделген:
- Құрылыс саласындағы жобаны басқару (құрылыс келісімшарттарының нысандарын қолдану);
- Ерекше реттеу;
- Абаттандыру шаралары;
- Құрылыс саласының инженерлерін сертификаттау;
- Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс және сәулет-құрылыс дизайнының ерекшеліктері;
- Құрылыс объектілерін пайдалану;
- Күрделі құрылыс объектілерін бұзу және аяқталмаған құрылыс объектілерін аяқталмаған күрделі құрылыс объектілеріне жатқызу;
- Цифрландыру және ақпараттық қамтамасыз ету;
- Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы ғылыми қызмет;
- Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі өзін-өзі реттеу және т. б.
Айта кеткен жөн, жаңа Құрылыс кодексін қоғам белсенділері мен депутаттардан бөлек Қазақстан құрылысшылар одағының өкілдері де сынға алған болатын.
Тіпті осы жылдың 6 маусымында одақ Құрылыс кодексін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне пысықтауға қайтару туралы петиция да жариялады.

Құрылысшылар одағы жаңа заң жобасындағы мына мәселелерді негізгі кемшілік ретінде көрсетіп отыр:
— Аумақтық жоспарлау, қала құрылысын аймақтарға бөлу және аумақтарды жоспарлау негізінде аумақтың кешенді және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге байланысты қала құрылысы қызметінің міндеттері мен қағидаттарының жоқтығы;
— Қалалардағы «нүктелік құрылыс» және елді мекендердің жоспарлы құрылысын реттеу жүйесін құру мәселелері шешілмеген;
— Жаңа заң қала құрылысын жүргізу кезінде экологиялық, экономикалық, әлеуметтік және өзге де факторлардың теңдей есебін қамтамасыз етпейді;
— Көлік, әлеуметтік, инженерлік құрылымды жобалау қағидаттары, тарихи мұраны, жасыл желекті, экологиялық және сейсмикалық қауіпсіздікті сақтау басымдықтары жоқ;
— Бірқатар нормативтер құрылыс жобаларын сараптау нарығында мемлекеттің монополистке айналуына ықпал етеді;
— Цифрландыру, өзін-өзі реттейтін ұйымдар, техникалық тапсырыс беруші және т. б. бойынша маңызды мәселелер бар.

— Қазақстан құрылысшылар одағы Құрылыс кодексі уәкілетті орган — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне пысықтауға жібергенін дұрыс көреді, өйткені бұған барлық негіз бар. Кодекстің жобасы Президенттің тапсырмасына атауынан бастап құрылыс саласын монополиясыздандыру шарттарына дейін сәйкес келмейді. Одақ кодексті жетілдіруге бүкіл қолдау-көмегін көрсетуге дайын. Жаңа құрылыс кодексі сәулет және қала құрылысы саласында прогрессивті және жүйелік тетіктерді белгілеуге, құрылыс процесінің бүкіл кезеңдерін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін заңнамалық деңгейде ақпараттық жүйені енгізуге бағытталуға тиіс, — деп хабарлады Құрылысшылар одағынан.
ҚазҚСҒЗИ мәліметінше, кодекс жобасын қайта жасау мәселесі қазіргі уақытта қарастырылып жатқан жоқ.
— Қазір институт пен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, жұмыс тобының аясында кодекс жобасын одан әрі пысықтау жұмыстарымен белсенді айналысып жатыр. Кодекс жобасын қайта жасау мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, — дейді ҚазҚСҒЗЖИ жобалау бөлімінің басшысы Нұрдәулет Егізеков.
Сондай-ақ, институт өкілі «кодексте халықтың емес, құрылыс компанияларының мүддесі ерекше қорғалған» деген сынға жауап берді. Оның айтуынша, заң жобасы халықтың да, мемлекеттің де және бизнес өкілдерінің де мүддесін қорғауға бағытталған.

— Кодексті қабылдау арқылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласын дамыту және оны сапалы жаңа деңгейге шығару үшін түйінді маңызы бар мәселелердің өте ауқымды тізбесін ретке келтіру, жетілдіру және реттеу көзделеді. Сайып келгенде, бұл факт халықтың да, мемлекеттің де және бизнес өкілдерінің де мүдделерін қорғауға ықпал етеді. Мысалы, құрылыс кодексі жобасының жаңа редакциясында құрылыс саласындағы рұқсат беру жүйесін автоматтандыру және жобаларды басқарумен айналысатын ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі өкілеттіктерді жергілікті атқарушы органнан орталық уәкілетті органға беру қарастырылады, — деді ол.
Еске салайық, өткен аптада Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс кодексіне қатысты дауға пікір білдірген болатын.
Оның айтуынша, Қаржы министрлігі жүргізген аудит аясында заң бұзу фактісі анықталған жоқ, тек процедуралық сәйкессіздіктер болған.
Сондай-ақ, бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу кезінде заңсыздықтарға жол берілгені туралы сауалына жауап берген еді.
